Головкинге дейін ҚР ҰОК-ні кімдер басқарды?

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Головкинге дейін ҚР ҰОК-ні кімдер басқарды?
Фото ©️ olympic.kz

Қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық Комитетінің президенті болып сайланды. Ол бұл қызметте Тимур Құлыбаевты алмастырды. Олай болса тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде ҚР ҰОК кімдер басқарғанын айта кетейік. 

БӨЛІСУ

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҚР ҰОК) 1990 жылдың 3 ақпанында құрылып, 1993 жылдың қыркүйек айында Халықаралық Олимпиада комитеті қатарына ресми түрде қосылды.

Тимур Досымбетов
Басқарған жылдары – (1990-1992, 2002-2006 жылдар аралығы)

Тимур Досымбетов — Қазақстан спорты тарихындағы орны ерек тұлға. спортшы, қазіргі бессайыстан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1982), КСРО-ның (1984, Мәскеу) және командалық есепте (Е.Минеев, А.Сторостинмен бірге) дүние жүзінің (1982, Рим, Италия) чемпионы.

1990 жылы республикадағы Ұлттық олимпиялық комитеттің бірінші президенті, Қазақстан бессайыс федерациясының (1992, Алматы) президенті, Халықаралық бессайыс федерациясы техникалық комиссиясының мүшесі (1996, Будапешт, Венгрия) болып сайланды.

Тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық Олимпиада Комитетінің алғашқы Президенті болған ол кейін осы ұйымның Вице–Президенті және Бас Хатшысы міндетін атқарды. 

Спорт әлеміне жас кезінен келген ол өзінің табандылығымен, ерік-жігерімен, қажырлылығымен танылды. Ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Тимур Камалұлы Ұлттық Олимпиада Комитетінде қызмет еткен кезінде тәуелсіз Қазақстанның халықаралық деңгейде кеңінен танылуы жолында аянбай тер төгіп, Олимпиада және Азия ойындары секілді ірі халықаралық жарыстарда спорттық делегацияларға басшылық етті. 

ҚР ҰОК 1990-1992 және 2002 және 2006 жылдар аралығында басқарды.

Тимур Камалұлы 2015 жылдың 3 желтоқсанында өмірден озды.

Аманша Ақпаев
Басқарған жылдары – (1992 – 2002 жж)

ҚР ҰОК ең көп басқарған мамандардың бірі. 1971 жылы Қазақ ССР-нің Дене тәр­бие­сі мен спорт комитетінің төрағасы қыз­метіне тағайындалған 34 жастағы Аман­ша Ақпаев еліміз өз алдына егемен­дік алғанға дейін өз міндетін абыроймен атқа­рып, 1993-2000 жылдар аралығында Ұлт­тық олимпиадалық комитетті табысты басқарды.

1996 жылы АҚШ-тың Атланта қала­сында алауын жаққан жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан спортшылары тұң­ғыш рет Тәуелсіз мемлекет ретінде қаты­сып, үш алтын, төрт күміс, төрт қола жүл­де­ге қол жеткізді. Ал 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында жерлестеріміз үш ал­тын, төрт күміс медаль олжалады.
Осы жетістіктері үшін Аманша Сей­сенұлы "Құрмет" орденімен және "Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері" атағы­мен марапатталды. 

Аманша Ақпаев 2004 жылы қайтыс болды. 

Темірхан Досмұхамбетов 
Басқарған жылдары – (2006 – 2015 жж)

Темірхан Досмұхамбетов 2006-2015 жылдар аралығында Ұлттық Олимпиадалық комитетін басқарған тәуелсіз Қазақстанның Олимпиадалық қозғалысын құрушылардың бірі болды. 

Темірхан Досмұхамбетов 1996 жылдың ақпанынан 1997 жылдың сәуіріне дейін Жастар ісі, туризм және спорт министрі болып жұмыс істеді.

1997 жылғы 2 сәуірден 1997 жылғы 14 қарашаға дейін  ҚР Білім беру және мәдениет министрлігінің Туризм және спорт департаментінің директоры.

1997 жылғы 14 қарашадан 1998 жылғы қыркүйекке дейін ҚР Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Туризм және спорт комитетінің төрағасы.

1998 жылғы қыркүйектен 2003 жылғы маусымға дейін ҚР Президентінің іс басқарушысы қызметін атқарды.

2003 жылдың маусымынан 2004 жылдың наурызына дейін Астана қаласының әкімі қызметін атқарды.

2004 жылғы наурыздан 2006 жылғы наурызға дейін ҚР Президентінің іс басқарушысы.

2006-2011 жылдары ҚР Туризм және спорт министрі қызметін атқарған.

2012-2015 жылдары - Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, 2010-2015 жылдар аралығында ол ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті, атқару комитетінің мүшесі болды. Кейін «Байсерке-Агро» агроөнеркәсіптік холдингін басқарды.

2021 жылдың қараша айында 73 жасында қайтыс болды.

Тимур Құлыбаев 
Басқарған жылдары – (2015 – 2024 жж.)

Тимур Құлыбаев ҚР ҰОК президенті қызметін 2015 жылдан бері атқарып келді. Мұнымен қоса өзге де басшылық қызметтерді қатар алып жүрді. 

2014-2018 жж. – Ұлттық Олимпиада комитеттері қауымдастығының Халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының мүшесі (ANOC);

2016-2019 жж. – "Қазақстан Республикасының  су спорты түрлері федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті;

2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін "Қазақстан Республикасы  Ұлттық Олимпиадалық комитеті" қоғамдық бірлестігінің   президенті, "Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті" қоғамдық бірлестігі атқарушы комитетінің төрағасы;

2016 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Азия Олимпиадалық кеңесінің вице-президенті (ОСА);

2017 жылдың сәуірінен бастап – Халықаралық Олимпиада комитетінің қоғаммен байланыс және спорт арқылы әлеуметтік дамыту комиссиясының мүшесі (IOC PASD);

2018 жылдың қараша айынан бастап – Ұлттық Олимпиада комитеттері қауымдастығының Атқарушы комитетінің мүшесі (ANOC);

2018 жылдың тамыз айынан бастап "Қазақстан гольф федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігі төралқасының мүшесі; 

Сондай-ақ жақында ғана "Қазақстан бокс федерациясы" қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің Құрметті Президенті қызметінен кеткен болатын. 

Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне Тимур Құлыбаев келгеннен бері елдің спорттық жетістіктері құлдырай бастағанын айтқан болатын. Ол тәуелсіздік жылдарында спортшылар 11 спорт түрінен 14 алтын, 22 күміс және 35 қола медаль жеңіп алғанын атап өтті. 1996 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан барлық жазғы Олимпиада ойындарында ешқашан алтынсыз қалмай, әлемдегі үздік 40 елдің қатарынан түспегенін тілге тиек еткен еді.

ҚР ҰОК президенті қызметіне 4 жылға сайланады. Алда Париж Олимпиадасы келеді. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасында 19 жолдама бар. Геннадий Головкин жаңа қызметтегі алғашқы сөзінде бәрін іспен дәлелдеуге тырысатынын айтты. 

Жаңа лауазымда еліміздің атынан әрекет ету - мен үшін зор мәртебе. Маған Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетін басқаруды ұсынғанда, қазақстандық спортты дамытуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берсе ғана, кандидатурамды ұсынатынымды айттым. Өздеріңіз білетіндей, мен саясаткер де, шенеунік те емеспін. Өз әрекетімді сөзбен емес, іспен дәлелдеп үйренгенмін. Осы орайда, менің өз көзқарасым, жылдар бойы жиналған халықаралық тәжірибем барын, команда барын айтқым келеді. Ал ең бастысы және менің көптен бергі қалауым – бұл барлығын да өзімнің туған елімде жүзеге асыру, - деді боксшы. 

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті қызметіне Геннадий Головкин кірісіп, атқарушы комитет пен тексеру комиссиясысының құрамында өзгерістер болды

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!