"Тағы бір Олимпиадада күресуім мүмкін". Елдоспен эксклюзив сұхбат

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
"Тағы бір Олимпиадада күресуім мүмкін". Елдоспен эксклюзив сұхбат
Фото ©️ Сали Сабиров

Massaget.kz және msports.kz сайты Олимпиада чемпионынан алған эксклюзив сұхбатты оқырмандар назарына ұсынады. 

БӨЛІСУ

 27 шілде. Қазақ спорты тарихында қалатын елеулі күн. Дәл осы күні Парижде Олимпиада ойындарының алғашқы чемпиондары мен жүлдегерлері анықтала бастады. Қазақстан құрамасы сапында барған дзюдошыларымыз да татамиді бағытқа алды. Бар мақсат – қарсыласты ұту ғана.

Екі бірдей Олимпиадада жүлде алған Елдос Сметовтің де мақсаты осы еді... Бала арманы орындалып, Олимпиада шыңын бағындырғысы келді. Оның сәті Парижде түсер деп қанша жыл күтті де. 

"Олимпиада алдындағы 1,5 жыл мансабымдағы ең қиын кезең болды" 

Елдос Париж Олимпиадасы алдында тоқырау кезеңінде болды. Барған жарыстарында жүлде бұйырмады. Оның себебі де бар еді...

– Шынымды айтсам, Олимпиада алдындағы 1,5 жыл ең қиын кезең болды. Ташкенттегі әлем чемпионатында 3-орын алғаннан кейін, иығымдағы жарақатым меңдеп кетті. Дұрыс күресуіме, жетістікке жетуіме көп ауыртпашылығын тигізді. Дайындалып та, емделіп те үлгермедім. Бұл маған ауыр соқты, жаныма батты. Жарақатты өзім түсінемін, оны сылтауратып айта беру де намысыма сын болатын. Себебі 2010 жылдан бастап мұндай ұзақ уақыт тұғырға шықпай, жүлдесіз қайтқан кезім болмаған еді. 6 жарыстан ұтылып қайттым. 2023 жыл мен 2024 жылдың басы ең қиын кезең болды, - дейді Елдос. 

Олимпиадаға бару үшін үлкен сынақтан өттім

Елдос Сметов Париж Олимпиадасына баруы үшін белгілі бір кезеңдерден өтті. Ол рейтингілік турнирлерден бөлек, ел ішіндегі іріктеу жарысына қатысты. Нұрқанат Серікбаев пен Мағжан Шамшадинге қарсы белдесіп, жеңімпаз болды. Мұның бәрі екі бірдей Олимпиада ойындарында жүлде алған спортшыны жігерлендіре түсті.

– Олимпиадаға бару оңай болған жоқ, үлкен сынақ болды. Ізімді жалғап келе жатқан інілерімнің де бәсекелестігі жоғары болды. Бұл бір жағынан қуантатын болса, бір жағынан халықтың ой-пікірін екіге жарды. Бір жақ жастарды, бір жақ мені қолдады. Осыдан кейін жабық форматта ел ішілік іріктеу жарысы ұйымдастырылды. Жеңіске жеткеннен кейін бұл жауапкершілікті толық сезіндім. Өлсем де, тірілсем де осында барымды салуға бел будым. Тарих жасауға ұмтылдым. Ұтылуға болмайды деген мақсатпен алға жылжыдым, - дейді спортшы. 


©️Сали Сабиров

Мен үшін әр белдесу қиын болды

Олимпиадада Елдос әр қи­мылын тек есеппен ғана жұмсады. Ақырын жүріп, анық басты. Көбіне-көп қарымта шабуыл­­ға жүгінді. Әр белдесуде қарсыласы­ның босаңсыған сәтін күтті. Сол мезетте ғана арыс­тан­ша атылып, астыртын жоспарын жүзе­­ге асырды.

– Әр қарсыласыммен белдесу қиын болды. Эмоциялық жағынан қызықты белдесулер болды деп ойлаймын. Келу жолым да, Олимпиада кезінде күресу де қиын болды. Бірақ бағымыз бен бабымыз қатар шауып, көптің тілеуі, көптің қолдауы қабыл болды деп ойлаймын. Халық мені жақсы көреді. Оны сеземін, мен де халқымды жақсы көремін. Аренада күресіп, елдің атын шығару мен үшін мәртебе. Содан мотивация аламын, содан күш-қуат, жігер аламын, - дейді дзюдошы.

9 жылдан кейін елде күресу ерекше сезім сыйлады

Қазақстандық дзюдошы мамыр айында Астанада өткен Grand Slam жарысында қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл оның өзіне деген сенімділігі мен күш-қайратын арттырды.

– Астанада 2015 жылғы әлем чемпионатында күрестім. Содан 9 жылдан кейін биыл Grand Slam-да қайта шықтым. Халықтың қолдауын сезіндім. Өз еліңде, өз жеріңде күресу ерекше күш-қуат сыйлайды. Сол Астанада күрескенім маған үлкен серпін берді. Өйткені сонда жинаған энергиямды, Олимпиада төрінде салуға тырыстым. Сол махаббат, сол қошеметпен үлкен жеңіске қол жеткіздім деп ойлаймын. 


©️Сали Сабиров

Қарсыластарымды өз елдерінде ұтқан ерекше ұнайды

– Бала кезден татами иесімен күресуді жақсы көремін. Қарсыластарымды өз елдерінде ұтқан ерекше ұнайды. Жанкүйерлерінің алдында жеңіске жетіп, мықты екенімді дәлелдегім келетін. Мұны кім ұтты дегенде, қазақ ұтты деген мәртебеге ие болғым келетін. Мысалы, 2016 жылы өзбек балуанымен күрескенім, Токиода жапонмен белдескенім әлі есімде. Мұның бәрі маған ерекше ләззәт сыйлады. Өзбек дзюдошысын жеңгенімді әлі күнге дейін бәрі айтады. Кездесе қалсақ, жанкүйерлермен жүздесе қалсақ, Ташкент төрінде өзбектен жеңісті жұлып алғаныңа риза болдық деп айтып жатады. Тарих болып қалып кетті. 

Парижде де осындай болды. Қалың жанкүйері мен президенті де отырды. Олардың қолдауы мені екі есе жігерлендірді, – дейді Елдос Сметов. 

Туымды ешкімге жыққан жоқпын

Әлеуметтік желіде дзюдошы Елдос Сметовтің финалдағы жеңісінен кейін туды алып желбіретер сәтте ұйымдастырушылар кедергі жасап, туды тартып алуға тырысқаны түсірілген видео жарияланды. Бұл өз кезегінде жанкүйерлер тарапынан үлкен наразылық тудырған еді. Мұны да сұрап көрдік.

– Бәрі тез болды. Дұрыс түсінбей де қалдым. Қолымнан Туды алдырған жоқпын, жыққан жоқпын, жұлдырған жоқпын, ешкімге берген жоқпын. Соңына дейін өзім ұстап, өзім алып кеттім, - дейді спортшы.

Олимпиада алдында кимоном дайын болмады

Дзюдодан 60 килоға дейінгі салмақта Олимпиадаға кімнің баратыны жоғарыда айта кеткендей, кеш анықталды. Елдос болса кимоносын дайындап үлгермей қалған. Мұны білген жапон дзюдошысы Наохиса Такато досына кимоносын сыйлаған. Бұл да бір – тарих.

– Олимпиада алдында кимононы тіктіріп күресемін деп ойладым. Токиода арнайы тапсырыспен жасатып күрескенмін. Бұл жолы да солай жасағым келген. Бірақ бұл жолы баратыным өте кеш анықталды. Тапсырысыма үлгермейтін болды. Такатомен бірдей өлшемде кимоно киемін. Тура тіктіру үшін одан рұқсат алуым керек. Ол тігетін компанияға рұқсатын беру керек. Одан кейін барып маған тігіп береді. Мен онымен сөйлесіп, кимоно тіктіріп беруін сұрадым. Ол сөйлесіп, уақытпен олар да үлгермейтінін айтты. Енді не істеймін деп қиналып тұрғанымды көріп, Такато өзінің киіп жүрген ақ кимоносын, әлі киілмеген көк кимоносын Олимпиадаға бара жатсың, менің атымнан сый ретінде қабыл ал деп салып жіберді. Ұнаса жарысыңа киесің, ұнамаса жаттығуға киерсің. Менің достық сыйлығым болсын деген ниетпен берді. Екеуміз 6 рет кездесіп, бәрінде оған есе жібердім. Бірақ екеуміздің белдесуіміз әрқашан қызықты болған, соңына дейін күресетінбіз. 10 жылдан бері бір-бірімізді танимыз, жақсы доспыз, - дейді Елдос.  

Жаттықтырушы болуға әлі толық бел бумадым

– Жаттықтырушы болу ойда бар. Өйткені бойыма жинаған осыған дейінгі тәжірибемді, одан қала берді Олимпиада чемпионы атанған алғашқы қазақ дзюдошысы ретінде жастарға мотивация сыйлай алатыныма сенемін. Кез келген спортшыны жігерлендіре аламын, психологиялық күйін түсіне де аламын. Сондықтан да өзімнің білгенімді інілеріме үйретсем, ақыл-кеңесімді айтсам, оларға жақсы әсер етіп, сіңімді болуда. Жаттықтырушылық қызметті істейтін болсам, жастарға үлкен бір мотивация болады деп ойлаймын. Қазіргі жастардың қызығушылығы жоғары, еліктеуді жақсы көреді. Бірақ нақты шешім қабылданған жоқ.


©️Сали Сабиров

MMA немесе UFC ұсыныстарына ойланбаймын

– Маған дзюдо деген – өмір. Ал басқа ұсыныстарға ойланбастан жоқ деп жауап беремін. Оған ойланбаймын да. 


©️Сали Сабиров

Қуанғанда және ашуланғанда шешім қабылдауға болмайды

– Мен мансабыма қатысты әлі шешім қабылдаған жоқпын. Қуанғанда және ашуланғанда шешім қабылдауға болмайды. Қазір ерекше қуанып жүрмін. Бір түс сияқты әлі де. Сондықтан шешім қабылдау әлі ерте деп ойлаймын. Елге барған соң сараптап, саралап, бір шешімге келемін деген ойдамын. 


©️Сали Сабиров

Тағы бір Олимпиадада күресуім де мүмкін

Елдос Сметов мансабына қатысты нақты шешім қабылдап үлгерген жоқ. Күш-қуаты, ерік-жігері мен дайындығы мығым болса әлі де татамиде күрескісі келеді.

– 36 жасымда тағы бір Олимпиадада күресіп қалуым мүмкін. Кім біледі, дұрыс бағытта жаттығуымды жалғастыра білсем, дұрыс бағытта жарыстарымды қоя алсам, дұрыс бағытта осыны қолға ала білсем, мұны істеуге болады. Бірақ елге барған соң бәрін сараптап, нақты отырып, шешім қабылдап, қорытындысын шығарамыз. Алда 1-2 ай эйфория болады. Кездесулер, түрлі бағыттағы жүздесулер күтіп тұр. Елдің қошеметі мен ыстық ықыласы қарсы алғалы тұр. Осыған дейін екі Олимпиадада алған жүлдем бар. Ал мынау алтын нағыз тарихи маңызға ие, - дейді спортшы. 


©️Сали Сабиров

Таксист танығанда таңғалдым

– Жарыстарға бару үшін такси жалдадық. Жүргізуші айнаға қарап қояды. Бір уақытта, "you Сметов" деп сұрады. Иә, десем. "Олимпик чемпион" деп құттықтап, қуанып жатыр. Парижде жұмыс істеп жүрген қарапайым адам қазақтың баласын танып қалғаны, мені таңғалдырды. Олимпиада чемпионы екенімді сезіндірді, - дейді Сметов. 


©️Сали Сабиров

Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ дзюдошысы ғана емес. Тұңғыш деген атаққа талай қол жеткізген. Ол  дзюдодан жастар арасында әлем чемпионы болған бірінші қазақ балуаны (2010 ж.), Азия ойындарының чемпионы атанған бірінші қазақ дзюдошысы (2014), ересектер арасында дүние жүзінің чемпионы болған ең алғашқы қазақ дзюдошысы (2015), ересектер арасындағы үш әлем чемпионатында медаль ұтқан Қазақстан Республикасының тұңғыш дзюдошысы (2015,2019, 2022). Елдостың да қазақ елі мен федерация жұмысына алғыстан басқа айтары жоқ.

– Қазақ еліне рақмет! Жылы сөздер, ілтипатты тілектер айтылып жатыр. Бұл тек қана менің жеңісім емес, қазақ елінің жеңісі. Қазақтың пейіліне, қазақтың абыройына бұйырған жеңіс деп ойлаймын. Өйткені бұл жеңісті 44 жыл күттік. Бұл жеңіске жету жолында мемлекет, министрлік, федерация көп қолдау көрсетіп, көмегін тигізді. Бар жағдайды жасады. Бапкерлерім бар білгенін үйретіп, жеңіске жетуімен септігін тигізді. Ата-анама, отбасыма, бауырларым мен жұбайыма алғысымды білдіремін, - деп ағынан жарылды.  

Иә, расында дәл осы сәтті Алаш жұрты табаны күректей 44 жыл күткен еді. Күрес түр­лерін серік еткен қазақ балуандары алғаш және соңғы рет 1980 жылы Мәскеудегі ойындарда алтын тұғыр­дан қол бұлғады. Грек-рим күресі шеберлері Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков чемпион болды.  Одан кейін де қазақ топырағынан кіл мықты балуандар көп­теп шықты. Төртжылдықтың басты додасында күміспен де күптелдік, қолаға да қол создық. Бірақ көпке дейін бас жүлде бұйырмап еді. Сол жүлде Елдостың маңдайына жазылған екен.

Қазақ спортшыларына жұғысты жүлде болсын!