Футболдан Еуропа чемпионатының ширек финалына шыққан алғашқы құрама анықталды. Бұл жолдаманы алғаш болып Швейцария құрамасы жеңіп алды.
Берлинде өткен ойында Мұрат Якин жаттықтыратын құрама Италияны 2:0 есебімен ұтты. Осылайша қазіргі Еуропа чемпионы атағына ие "скаудра адзурра" еліне қайтты.
Ойында 37-минутта Ремо Фройлер есеп ашты. Ол Доннарума қорғаған қақпа алдында командаласының пасын сәтті қабылдап, гол соқты.
Екінші голды швейцариялықтар екінші тайм басталған тұста-ақ еншілеріне жазды. Бұл жолы Рубен Варгас алыс қашықтықтан қақпаны тура көздеді. Оның шиіре тепкен добы Италия құрамасының қақпасында тулады.
Швейцария құрамасы ширек финалда Англия – Словакия арасындағы ойынның жеңімпазымен кездеседі.