Футболдан Испания құрамасы 4 дүркін Еуропа чемпионы атанды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Футболдан Испания құрамасы 4 дүркін Еуропа чемпионы атанды

Футболдан 1 айға созылған Еуропа чемпионаты аяқталды. Финалда Испания құрамасы Англияны ұтып, кәрі құрлықтың басты доп додасында 4-ші рет топ жарды. 

БӨЛІСУ

Құрамалар арасындағы ойынның бірінші таймында гол соғылмады. Екінші тайм басталған тұста-ақ "қызыл фурия" есепте алға шықты. 

Ламин Ямальдың асырған добын Нико Уильямс қақпа торында тулатты. Англия құрамасының қақпашысы Пикфорд командасын голдан құтқарып қала алмады.

73-минутта алаңға жаңа шыққан Коул Палмер есепті теңестірді. Оның алыстан жерлете тепкен добын Унай Симон қайтарып үлгермеді. 

86-минутта Микель Оярсабаль өз мүмкіндіндігін сәтті пайдаланып, есепте қайта құрамасын алға шығарды. Ол қорғаушылардан ерте жетіп, допты қақпаға енгізді. 

Испания құрамасы өз тарихында 4-ші рет Еуропа чемпионы атанды. Бұған дейін 1964, 2008 және 2012 жылдары жеңімпаз болған. Англия екінші жарыс қатарынан финалға шығып, жеңіліс тапты.