Үш бірдей пенальтиді қайтарған қақпашы Португалияны ширек финалға алып шықты

О Сансызбай Корреспондент
Үш бірдей пенальтиді қайтарған қақпашы Португалияны ширек финалға алып шықты

Португалия құрамасы Еуропа чемпионатының ширек финалына шықты. Олар 1/8 финалда Словенияны жарыс жолынан шығарды. 

БӨЛІСУ

Франкфуртте өткен ойынның негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталды. Экстра-таймда да құрамалар есеп аша алған жоқ. Тіпті 105-минутта Криштиану Роналду пенальтиден мүлт кетіп, өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Оның тепкен добын қақпашы Ян Облак асқан шеберлікпен қайтара білді. Сондай-ақ Словения құрамасының шабуылшысы Шешконың гол соғатын тамаша мүмкіндігі болды. 

Ойын соңындағы пенальти сериясында португалдық футболшылардың асығы алшысынан түсті. Қақпашы Диегу Кошта үш бірдей пенальтиді қайтарып, ерлік жасады. Ал португалдықтар сапынан Роналду, Фернандеш пен Бернарду 11 метрлік соққыны сәтті орындады. 

Ойындағы үздік футболшы марапатына қақпашы Диегу Кошта ие болды. Ол Еуропа чемпионаты тарихында үш пенальтиді қайтарған алғашқы қақпашы атанды. Сондай-ақ пенальти сериясын қақпасына гол өткізбестен тәмамдаған алғашқы қақпашы ретінде танылды.

Ширек финалда Португалия Франция құрамасымен кездеседі.