Зулфия Чиншанлоның Қытай азаматтығын қабылдағаны туралы не ойлайсыз?

ЮРИЙ НИКУЛЛИН Корреспондент

ДИНА ЫСҚАҚОВА, "Қазақстан" Ұлттық арнасы  спорт бөлімінің шеф редакторы:

Бұл жағдайдың орын аларын мен олар қазақ жеріне алғаш қадам басқанда-ақ айтқанмын. Қытай ол Қытай, оларда тәрбие, идеология деген осы бағытта жасалынып қойған. Бесіктен сен қытайлықсың дегенді құлағына құйып өскен Зулфияның басқа таңдауы болған да емес. Ол Қазақстанды тек пайдалану үшін ғана келді. Атын шығарды, ақша алды, қайта кетті ауылына. Қытайда жай спортшы болып еді, өз мүмкіндігін пайдаланып енді Олимпиада чемпионы болып оралып жатыр. Қанша ақша кетті оны дайындауға. Дайынға жүгіре беретін ауыр атлетика басшылары сабақ алса жақсы болар еді. Зулфия мен Маяның алтынынан қазақ спортшысы Аннаның 5-орны қымбат маған.

ЕЛДОС ӨМІРЗАҚҰЛЫ, Жас қазақ» газетінің жауапты хатшысы:

Бұл ақпаратты ертеңгісін келген бойда Қытай сайттарынан көрдік. Жұмыста Жарас деген әріптесіміз аударып берді. Бәріміз орнымыздан тұрып кеттік. Виктор Ниге хабарластық, еш нәрсе білмейді. Алексей Ниге хабарластық, ол да дым білмейді. Федерация да бұл жәйттан бейхабар. Ойлап отырсам, Қытай сайттары қазақтарды арандатудың тағы бір жолын тапқан секілді. Азаматтық алғандығын дәлелдейтін төлқұжатын сайтқа салған. Жалпы өз спортшыларымызды дайындау керек. Жат елдің спортшысына қарағанның куні осындай!

ЕРЛАН РАЙЫМҚҰЛОВ, Алматы телеарнасының спорт тілшісі:

Шыны керек, төбемнен жай түскендей болды. "Адам аласы ішінде" деген. Зулфияның бұл ісін сатқындық деп бағалаймын.

 ӘЗИЗ ОРАЗБАЕВ, «Алаш айнасы» газетінің спорт тілшісі:

"Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлуын қоймайды" деген рас екен. Алғашында бұл ақпаратты көргенде, "Бұл қалай? Жоқ, мүмкін емес" деп тосылып қалғанмын. Артынша ойымды қорыта келгенде, оның кетіп қалуын заңдылық деп қабылдадым. Өйткені, отаны - Қытай. Олимпиада кезінде-ақ қытайлықтар оны өздеріне қайтарып алу туралы мәселені көтеріп жүрді. Осының барлығын қорыта келе, ерте ме, кеш пе, болатын жағдай екенін түсіндім. Бірақ, ішімде ит өліп жатқаны да жасырын емес. Сонша уақыт бауырымызға басқанымызда, бір-ақ сәтте ішімізден теуіп, "лақтырып" кете барғаны өкінішті-ақ.

РАУАН ОҚАС, «Аламан» спорт порталының бас редакторы:

Зулфияның туған Отанына оралуын сенсация деп қабылдай алмаймын. Таңданбаймын да. Зулфияны жеке танимын өз басым. Париждегі Әлем чемпионатында араласып көргенмін. Сол чемпионатта бір байқағаным, ол біздің спортшылармен емес, көбіне Қытай құрамасының атлеттерімен бірге отырып, бірге араласып жүрді. Сонда осы ой келген. Түбі кете ме деп ойлағанбыз. Ол Қазақстанның атын әлемге шығарды. Қазақстан оған көп нәрсе берді. Ол лайықты жауап берді. Оған берілген қаржының қайтарымы болды. Оны қазір әлеуметтік желілерде барлығы сынап жатыр. "Ақшаны алып-алып тайыпты",- деп. Өз басым бұған да келіспеймін. Ол қолынан келгенінің бәрін жасады. Бізде қалып екі дүркін Олимпиада чемпионы болса да, ол осы беделімен-ақ қалар еді. Қазір жас. Туған ата-анасының, өзі айтқан сүйіктісінің қасына барғысы келген болар. Ренжімеймін. Ақ жол тілеймін. Бірақ менің бір айтпағым бар. Зулфия Қытайдың сапында дәл осы нәтижелерге енді тағы қол жеткізе алмайды. Ол үлкен қателік жасады.

Болат ҚОСМАҒАНБЕТ«Массагет» порталының тілшісі:

Меніңше таңдау өз еркінде, бастысы Қазақстан Зульфияның, Зульфия Қазақстанның атын шығарып кетті.

РУСЛАН МЕДЕЛБЕК, «Аламан» спорт порталының шеф редакторы:

Бұл ақпаратқа сену қиын. Дегенмен, Қытай басылымдарының отқа май құйғысы келетіні анық. Өз басым, сенбеймін және сенгім келмейді. Ал егер бұл ақпарат рас болса, онда Қазақстанға бұл үлкен сабақ болуы тиіс. Және келер олимпиадаға дейін Чиншанлоны жеңетін спортшы дайындауы тиіс оны шақырғандар. Ал Чиншанло елден кетсе, оны біздің әділет министрлігі білу керек. Себебі, бір елдің азаматтығын екіншіге ауыстыра салу оңай емес. Егер Чиншанло расымен кеткен болса, онда одан Қазақстанның хабары болған.

ДӘУРЕН БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» газетінің директоры:

Менің ойымша, әзірге расталмаған ақпарат. Өтірік болу керек, себебі бұл дүние екі елдің арасына үлкен іріткі салады. Қытайлар оған бара қоймас. Дәл Зулфияға Қытайдың қарап қалғаны шамалы. Ол үшін онымен саудаласу қажет болады, ал қытайлықтар ондайға үйренбеген.

КҮНСҰЛТАН ОТАРБАЙ, Республикалық апталық "Sport" газетінің тілшісі:

Бұл ресми түрде жарияланған ақпарат емес. Сондықтан бірдемені ести сала ала сұрып, айғайлау әлі ерте. Бірінші тиісті орындардан, жауапты адамдардан анық-қанығын біліп алуымыз керек. Егер анығында солай болып жатса, онда заң бойынша, тиісті орындармен жұмыс жасап, Олимпиадада алған ақшасын қайтарту керек.

АҚБЕРЕН ЕЛГЕЗЕК, ult.kz порталының бас редакторы:

Әрине, өкінішті. Олимпиаданың подиумында Қазақ елінің туын жамылып жылап тұрған қара қыздың бәрі саябырсыған соң, мен бұл елге қатысым жоқ деп сырт айналуы намысқа тиетін жағдай. Ол кім болса да, өз өміріндегі ең үлкен арманына қазақтың әнұранының астында жетті. Кішкене сол елге деген құрмет болуы тиіс еді. Бірақ Зулфия деп жүрген спортшымыз Қазақстанды қайтсін, оның абыройы оған не үшін керек? Ұлардай шулайтын тағы біз ғой. Ертең біздің жеңістерімізге қызғанышпен қарайтындар: "Бәсе, айттық қой, қазақтарда дұрыс спортшы жоқ, сырттан жалдап қатысады! Бұлардан не шығуы мүмкін?!" - дейтіні анық. Маған осы жері қатты батады. Бұл тағы да бізге өз спортшыларымызды, әсіресе қазақ спортшыларын белсенді түрде дайындау керектігін және тек өз қаракөздерімізге сенім арту қажеттілігін көрсетіп отыр.

Сіз қалай ойлайсыз құрметті оқырман?! Пікіріңізді қалдырыңыз! 

Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: Жеке мұрағаттарынан 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама