Зарина Диас сары құрлықтың үздік теннисшісі атанды
21 жастағы қазақстандық теннисші жаңарған рейтингте 34-ші орынға сырғыды. Қытай елінің теннисшісі Пэн Шуайдың да нәтижесі төмендеп, 32 орыннан 38-ге бір-ақ түсті. Нәтижесінде Зарина Диас Азиядағы үздік теннисшілердің көшін бастады. Осыған дейін Азияның үздік теннисшісі атағын қытайлық тағы бір теннисші Ли На иеленіп келген. 2014 жылы мансабын аяқтаған спортшы үздіктер көшін келесі буынға табыстады.
Соңғы ойындарында сәтті өнер көрсете алмай жүрген Зарина Диас осы маусымда әлемнің үздік 20 теннисшісінің қатарына енуге уәде берген еді. Алайда отандасымыздың сәтсіздіктері бұл уәдесін орындауға мүмкіндік бермеуде.
Айта кетейік, жаңарған WTA рейтингінде америкалық Серена Уильямс көш бастап келеді. Екінші орынға румын қызы Симона Халеп көтерілсе, ресейлік Мария Шарапова үшінші сатыға қайта төмендеді.