Зарина Диас Қытайда өтіп жатқан турнирді жеңіспен бастады
Жерлесіміз алғашқы айналымда жарыс қожайыны Яфань Ваннан 6:3, 6:3 есебімен басым түсіп, екінші кезеңге оңай өтті. Зарина бүгінде WTA-ның әлемдік рейтингінде 118-ші орында келе жатса, 19 жастағы қытайлық теннисші 353-ші орында тұр.
20 жасар жерлесіміз екінші айналымда тағы бір қытайлық теннисші Шилинь Сюмен кордқа шығады. Шилинь Сю әлемдік рейтингте 553-ші орынды еншілеген. Зарина бұл турнирдің басты фавориттерінің бірі саналады.
Бұрындары Қазақстан туы астында өнер көрсеткен ресейлік теннисші Ксения Первак та бұл турнирде өнер көрсетіп жатыр. Ол алғашқы айналымнан сүрінбей өтті. Енді екінші кезеңде өзбекстандық Сабина Шариповамен бақ сынасады.
Естеріңізге сала кетсек, Зарина Диас өткен жылдың қаңтар айында Мельбурнде өткен Австралия ашық чемпионатының үшінші кезеңіне дейін жетіп, ел спортының мерейін асырған еді. Зарина Диас "Үлкен дулығаның" үшінші кезеңіне дейін жеткен алғашқы қазақ қызы екенін қаперлеріңізге береміз.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: massaget.kz