Закир Сафиуллин лицензиялық турнирдің финалына шықты

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Фото ©️ olympic.kz

63 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Закир Сафиуллин жартылай финалда жергілікті боксшы Обада Алкасбехпен қолғап түйістірді. Қос боксшы жекпе-жекті бір-бірін зерттеумен бастады. Бірінші раундта екеуі де аса бір шабуылдамады. Тек екінші раундта жергілікті боксшы шабуылын үдете түсіп, ашық айқасқа шақырды. Ал соңғы раундта қарсыласының шаршағанын сезген Закир Сафиуллин иорданиялық боксшыны соққының астына алды. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қазақстандық боксшыға берді. 

Олимпиада іріктеуі турнирінде Қазақстан құрамасының сапынан жеті боксшы 1/2 финалға өткен еді. Олар: Закир Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келіге дейін), Василий Левит (91 келіге дейін), Серік Теміржанов (57 келіге дейін), Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін), Бекзат Нұрдәулетов (81 келіге дейін) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келіден жоғары).

Жартылай финалдың күндізгі сессиясында Закир Сафиуллиннан бөлек Абылайхан Жүсіпов (69 килоға дейін) және Василий Левит (91 килоға дейін) шаршы алаңға шығады. Кешке (21:00) Серік Теміржанов (57 келіге дейін), Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін) мен Бекзат Нұрдәулетов (81 келіге дейін)  финал жолдамасына таласады. Ал Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев аустралиялық Джастис Ханиге қарсы жекпе-жекке шығудан бас тартты.

Естеріңізге сала кетейік, қазірдің өзінде Қазақстан құрамасының қоржынында сегіз Олимпиада жолдамасы бар. Серік Теміржанов, Закир Сафиуллин, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Бекзат Нұрдаулетов, Василий Левит, Қамшыбек Қонқабаев және Надежда Рябец Токио Олимпиадасының лицензиясын иемденді.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама