Юрий Натаров Tour of Almaty-2019 жарысының жеңімпазы атанды

Massaget Корреспондент

Бірінші кезең 118 шақырымдық "Индустриалды паркте" өтті. Алғашқы кезең жеңімпазы – CCC Development Team командасының шабандозы Патрик Штох.

Екінші таулы кезеңде шабандоздар 160 шақырымды еңсерді. Бұл кезең Tour of Almaty жарысының бет-бейнесіне айналды. "Халық Аренадан" басталған екінші кезең Шығыс айналма жолы арқылы өтіп, әл-Фараби даңғылына келді.

Сосын Мұстафин көшесінің маңындағы айналма жолдан Халилин көшесіндегі күрмеуге жетті. 4,5 айналымнан соң пелетон Тұңғыш Президент саябағынан "Медеу" мұз айдынына қарай финалдық бөлімге ұласты.

Жарыс барысында шабандоздар бірнеше мәрте шабуыл жасап, қызу бәсекеге түсті. Соның ең маңызды тұсы мәреге 2 шақырым қалғанда орын алды. Astana Pro Team шабандозы Юрий Натаров Gazprom-RusVelo шабандозы Николай Черкасов Amore&Vita-Prodir командасының өкілі Данило Челано үшеуі негізгі топтан суырылып алға шықты. Осы үштік жүлделерді сарапқа салды.

Челано екінші кезеңнің жеңімпазы атанса (3:51:57), Черкасов екінші келді (+0,01). Ал Натаров үшінші келгенімен (+0,04) бір күн бұрынғы жаппай спринттегі уақытының арқасында жалпы жарыстың жеңімпазы атанды. Ол Gazprom-RusVelo командасының мықтысы Александр Власовтан 26 секундқа, ал Челанодан 38 секундқа басым түсті.

"Жарыс маған қатты ұнады. Бізде жеңімпаз атанады деген екі үміткер болды. Стальновтың да таулы аймаққа қалай шыға алатыны белгілі. Кеше біз Власов секілді мықты шабандозбен бірге келдік. Мұнда ондай шабандоздардың біршамасы жүр. Сондықтан, барлығына көз-қырымызды салып жүруге тура келді", - деді Натаров.

Сонымен бірге Натаров жарыстағы қазақстандық үздік шабандоз жейдесін де жеңді. Спринтерлер сайысында CCC Development Team өкілі Патрик Штох жеңіске жетті. "Ала жейдені" таулы аймақта мықты болған Vino Astana Motors шабандозы Евгений Федоров алды.

Tour of Almaty-2019 жарысының жүлде қоры 40 мың еуроны құрады. Әр кезең сайын алғашқы 20 шабандоз ақшалай сыйақы алды. Әр кезең сайын түрлі марапттар иеленген шабандоздар мен жалпы есепте жақсы көрсеткішке ие болғандар да марапатқа ие болды.

Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Кәлетаев Tour of Almaty жарысын облыстық деңгейге көтеретін кез жеткенін айтты:

"Алматы Туры" өзін көрсетті. Менің ойымша бұл дода әлемдік спорт күнтізбесінен ойып тұрып орын алды. Енді жарысқа Алматы облысы да қосылғаны дұрыс. Шарын шатқалы секілді керемет табиғи байлығы бар аймақ жарыстың серіктесі болуы қажет. Түбінде облыс басшылығы осындай шешім шығарады деген үміттемін" - деді ол.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама