Юлия Путинцева «Роллан Гарростың» ширек финалына шықты
21 жастағы қазақстандық теннисші мен WTA рейтингінде 14-орында тұрған испандық арасындағы ойын 2 сағатқа созылды. Юлия Путинцева қарсыласын екі сетте де 7:5, 7:5 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты.
Юлия Путинцева мен Карло Суарес Наварро арасындағы ойын 30 мамыр күні өтуі тиіс еді. Париждегі ауа райының жаңбырлы болуына байланысты теннисшілер бүгін ғана кортқа шығып, жарысты жалғастыруда.
WTA рейтингінің 60-шы сатысында тұрған қазақстандық теннисші биылғы «Rolland Garros» турнирінде өзін жаңа қырынан танытып, сенсация жасауда. Атап айтар болсақ, алғашқы кезеңде канадалық Александра Вознякты, одан кейін неміс теннисшісі Андреа Петковичті, үшінші кезеңде италиялық Карин Кнаппты ұтқан болатын.
Юлия Путинцева ширек финалда әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямспен кездесетін болды. Екі теннисші осыған дейін жұптық кезеңде бір-біріне қарсы ойнаған болатын. Өкінішке орай, Юлия Путинцева мен Елена Остапенко жұбы апалы-сіңлілі Уильямстардан жеңіліп қалған еді.
Юлия Путинцева «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың ширек финалына алғаш рет шығып отыр. Теннисшінің бұл жетістігі WTA онлайн рейтингінде 35-орынға көтерілуіне септігін тигізіп отыр. Ал бұл рейтинг нәтижесі бойынша қазақстандық теннисшінің Олимпиада ойындарына баруына мүмкіндігі ашылатын болады.