Йозеф Блаттер ФИФА президенті болып қайта сайланды
Цюрихте өткен сайлаудың бірінші турында Йозеф Блаттер 133 дауыс жинаса, қарсыласы 73 дауыспен ғана шектелді. Егер қазіргі президенттің жинаған дауысы 140-қа жеткенде, бірден жеңіске жетер еді. Бірақ жетпегендіктен екінші тур өтетін болды. Алайда Әли бин Әл-Хуссейн екінші турға қатысудан бас тартты. Нәтижесінде 79 жастағы Йозеф Блаттер бесінші рет ФИФА президенті болып сайланды. Ол 1998 жылдан бері бұл қызметті атқарып келеді. Енді 2019 жылға дейін жұмысын жалғастырады.
Айта кетейік, осыған дейін Швейцарияның федералдық әділет бюросы Цюрихте Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) 14 белді мүшесін сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп қамауға алған болатын. Бірақ бұл жағдай президент сайлауына кедерге бола алған жоқ. Қазіргі таңда Йозеф Блаттердің қайта сайланғанына наразылығын білдіріп жатқандар да жоқ емес. Олардың қатарында УЕФА президенті Мишель Платини де бар.