Йохан Блэйк Мәскеуде өтетін ӘЧ 200 метр қашықтығына қатыспайтын болды
Оған себеп спортшының сәуір айында алып қалған жарақаты. Соның салдарынан ол жаттығу жұмыстарын белсенді түрде жасай алмаған. Оның бапкері де осы жағдайды негізге ала отырып, Блэйкті әлем чемпионатының алдында тәуекелге байламауды жөн санапты. Яғни ол 200 метрге жолдаманы сарапқа салу үшін болатын Ямайка чемпионатына қатыспайтын болды.
Ал Мәскеудегі 100 метр қашықтыққа ол қазіргі әлем чемпионы ретінде wild card есебінен қатысатынын айтқан болатынбыз. Сондай-ақ ол 2011 жылы Тэгуде (Оңтүстік Корея) өткен әлем чемпионатында эстафеталық жарыстың 4х100 метр қашықтығында Ямайка құрамасымен бірге әлем рекордын орнатып, топ жарған еді.
2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында Блэйк 100 метр мен 200 метрде Усейн Болттан кейін екінші болып келсе, 4х100 метр эстафеталық жарысында бір жыл бұрынғы өздері қойған әлем рекордын бұзып, Олимпиада ойындарының чемпионы атанды.
Айта кетейік, оның отандасы Усейн Болтқа әлем чемпионатының 100 метр қашықтығында өнер көрсету үшін жеңіл атлетика федерацияларының Халықаралық ассоциациясы (IAAF) енгізген жаңа ережелерге байланысты ұлттық біріншілікке қатысып, жолдама алуы керек.
Естеріңізге салсақ, жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты биылғы жылдың 10-18 тамызы аралығында Ресей астанасы Мәскеу қаласында өтеді. Ондағы барлық жарыстар атақты "Лужники" стадионында болады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: pam65.ru