"Вуэльта" көпкүндігі. Нибали қызыл жейдесінен айырылды
Виго мен Мирадор де Лобейру арасын жалғап, 184,8 шақырымды құраған жарыста биіктігі 250 метрді құрайтын мәреге RadioShack-Leopard командасынан 41 жасар американдық велошабандоз Крис Хорнер бірінші болып жетті. Қорытындысында американдық спортшы көшбасшының қызыл жейдесін Нибалиден алып өзі киді. Ол енді «Астана» капитанынан сегіз секундқа алда келеді.
Айта кету керек, американдық ардагер «Вуэльта» көпкүндігінде топ бастай отырып, барлық Гранд-турлар жарысы ("Вуэльты", "Тур де Франс" және "Джиро д'Италия") тарихындағы жасы үлкен велошабандоз деп танылды. Хорнер бұл жетістікке 41 жас 307 күн нәтижесімен жетіп отыр. Осыған дейінгі рекорд итальяндық Андреа Ноэге (38 жас және 128 күн) тиесілі болған еді. Ол 2007 жылғы "Джиро д'Италия" жарысында бірнеше кезең бойы қызыл жейдесін сақтап келген болатын.
Үшінші кезең қорытындысы бойынша екінші орын испандық Movistar командасынан Алехандро Вальвердеге бұйырды. Ал мәрені үшінші болып оның отандасы ресейлік «Катюша» командасының көшбасшысы Хоаким Родригес кесті. "Астаналық» Нибали болса бұл кезеңді 11-ші болып аяқтады.
Бүгін сейсенбі, 27-тамыз күні болатын «Вуэльта» жарысының төртінші кезеңі жоталар арқылы өтіп, 186,4 шақырымды құрамақ.
Естеріңізге салсақ, «Астана» бұл жарыстың алғашқы кезеңіндегі командалық жекелей жарыста топ жарса, ал екінші күні Нибали жалпы есепте топ бастаған еді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: ru.euronews.com