Ванесса Мэй 4 жылға спорттан шеттетілді

О Сансызбай Корреспондент

Ванесса Мэй осы жылдың басында Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Тау шаңғысы спортында скрипкашы табиғи я қолдан жасалған кедергілер арқылы шаңғымен таудан төмен түсу сынында өнер көрсетті. Жарыс қорытындысында алтын медальды иеленген словениялық Тина Мазеден 50,10 секундқа қалып, соңғы орынды иеленген болатын. Скрипкашы тау шаңғысы спортымен айналысып келе жатқанына 4 жылдың жүзі болған. Музыкадан кейінгі басты қызығатыны да осы спорт түрі екенін мәлімдеген-ді. Сонымен қатар, Ванесса Мэй Сочиде өтетін қысқы Олимпиадада әкесінің Ванакорн деген тегімен қатысты.

Айта кетейік, Ванесса Мэй 4 жасқа толғанда ата-анасы Ұлыбританияға қоныс аударған. Қазіргі таңда 35 жастағы скрипкашы аталған елдің ұлттық құрамасының намысын қорғай алмайтындығына көзі жеткен соң, Таиланд атынан сынға түсуді ұйғарған еді. Сочи Олимпиадасы алдында Словенияда өткен тау шаңғысы жарысында спортшы квалификациялық норманы ойдағыдай орындап шығып, ақ Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алған еді. Бірақ, бүгін Ванессаның таиландтық шенеуніктер арқасында Ресей жерінде өнер көрсеткені белгілі болды.

Дүниежүзілік тау шаңғышылары рейтингінің алғашқы бес жүз орнына таиландтық шаңғышылардың есімі енбеген. Сондықтан да, Олимпиада ережесіне сай мұндай елдерден бір ер және бір әйел спортшы квалификациялық норманы орындаса, жарысқа қатысу құқығына ие бола алады. Сочидегі Олимпиадаға қатысу үшін Ванесса Мэй Швеция, Норвегия, Словения мен Швейцариядағы квалификациялық норманы бақылайтын жарыстарға қатысқан. Сол жарыстарда спортшыға бұрмалаушылық басым болып, кей жергілікті шенеуніктер іш тартқан. Жақында Словения тау шаңғысы қауымдастығы скрипкашының іріктеу кезеңінде квалификациялық норманы орындай алмағанын дәлелдеп берді. Нәтижесінде FIS шешімімен 4 жыл спортпен қош айтысты.

Сурет:anglerz.com

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама