Үздік қазақстандық киберспортшы командасымен қош айтыспақ
Бес ай бойы HellRaisers командасының сапында бақ сынап жүрген Абай HObbit Қасенов сатылымға шығарылды. Оның орнын осы командада 2018 жылы өнер көрсетіп кеткен Зигимантас «nukkye» Сипалис баспақ. Абай Қасенов HellRaisers командасының сапында ESL Pro League Season 8 - Finals, WePlay! Lock and Load және Intel Extreme Masters XIII - Katowice Major 2019 додаларында өнер көрсетті.
24 жастағы ойыншы кәсіпқой деңгейде 2015 жылы бастапқыда PARTY миксінде, кейіннен Tengri атауын алған командада бақ сынады. Артынша дарынды ойыншыға Gambit Gaming ұйымы назарын аударды. Ал өткен жылдың қыркүйегінде HellRaisers командасына ауысты.
HellRaisers командасында алғашында тек CS:GO құрамы болған. Astana Dragons командасы ыдырағаннан соң ойыншылары HellRaisers атымен өнер көрсете бастады. Бастапқы кезде негізінен қазақстандық ойыншылардан құралғандықтан HellRaisers командасы халықаралық аренада Қазақстанның атынан бақ сынап жүрген. Алайда 2015 жылы құрамнан Рүстем mou Телепов пен Дәурен AdreN Қыстаубаев кеткеннен соң HellRaisers еуропалық командаға айналды.
Дәл қазір HellRaisers-те Абай HObbit Қасеновтен бөлек Кирилл ANGE1 Карасёв, Исса ISSAA Мурад, Томаш oskar Штястны, Кристиан loWel Гарсия Анторан, Зигимантас nukkye Сипалис бар.
Айта кетейік, Абай Қасенов Gambit командасының сапында CS:GO ойынынан PGL Major Krakow 2017 әлем біріншілігінде күтпеген жерден чемпион атанған еді.