Усейн Болт Мәскеуге келу үшін ел біріншілігінде топ жаруы тиіс
Бұл жөнінде Ямайканың жеңіл атлетика федерациясы әлем біріншілігіне 100 метрден Йохан Блейкке wild card (тікелей жолдама) бергеннен кейін белгілі болып отыр. Ал Болтқа wild card Мәскеуде өтетін әлем біріншілігінің 200 метр қашықтығында берілді.
Ямайка мұндай қадамға Жеңіл атлетика федерацияларының халықаралық ассоциациясы (IAAF) қабылдаған ережелерден кейін барып отыр. Оған сәйкес, әр елден бір қашықтыққа бір атлет қана автоматты түрде қатысуға мүмкіндік алады. Ал Ямайка федерациясы соңғы рет 2011 жылы Тэгуде (Оң.Корея) өткен әлем біріншілінің 100 метр қашықтығында топ жарған Блейкті таңдапты. Ол кезде Болт фальстарт алып жарыстан шығып қалған болатын. Ал әлем біріншілігінің 200 метрінде топ жарған Болт бұл қашықтыққа тікелей жолдама алып отыр.
Сонымен, Мәскеуге баратын ямайкалық атлеттерді анықтайтын ел біріншілігі 20-маусым күні басталады.
Естеріңізге салсақ, маусым айының басында Усейн Болт Римде өткен Гауһар тас лигасының кезеңінде 100 метр қашықтықта бақ сынаған еді. Алайда оның жолы болмай, Афины Олимпиадасының жеңімпазы, американдық Джастин Гатлинге жол беріп қойды. Гатлиннің көрсеткіші 9,95 болса, Болт одан 0,01 секундқа кешігіп келді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: asfera.info