Универсиада - 2017. Қазақстандық биатлоншылар аралас эстафетада күміс алды

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ almaty2017.com

Бірінші қашықтықта бақ сынаған Галина Вишневская нысана көздеуде үш рет қателікке бой алдырғанмен, қарсыластарын 30 секундқа ұтып шықты. Ал екінші болып эстафетаны жалғастырған Дарья Усанова қарсыластармен арадағы уақыт айырмасын 1 минут 20 секундқа жеткізді.

Үшінші болып жарыс жолына шыққан Василий Подкорытов  бірінші нысана көздеу аймағында төрт рет қателік жіберді. Нәтижесінде айып айналымын жасап шықты. Василийдің нәтижесі бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы уақыт көрсеткіші 15 секундқа тең болды.

Аралас эстафетаның соңғы кезеңіне Қазақстан құрамасы сапынан Антон Пантов шықты. Бірінші ату айлағында ресейлік Сергей Корыстелевпен бірдей нәтиже көрсетті. Ал екінші рет ату кезінде отандасымыз екі рет, ресейлік бір рет нысана көздеуде мүлт кетті. Нәтижесінде қазақстандық биатлоншылар күміс медальды қанағат тұтты.

Жарыс қорытындысы бойынша Ресей құрамасы алтын медальды иеленсе, қоланы Украина биатлоншылары жеңіп алды. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама