Универсиада – 2017. Қазақстан жалпыкомандалық есепте екінші орын алды
Қазақстан құрамасы қысқы Универсиада ойындарына алғаш рет 1993 жылы қатысты. Польша жерінде өткен жарыста бұйырғаны бір күміс медаль болды. Араға екі жыл сала Испанияда өткен Универсиада ойындарында 2 алтын, 1 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 8-орынға ие болды. Ал одан кейінгі 1997, 1999, 2001 және 2009 жылдары отандастарымыз қысқы Универсиада ойындарына қатысқан жоқ.
Қазақстанның қысқы Универсиада ойындарындағы ең үздік нәтижесі 2015 жылы Гранада (Испания) мен Штрбске-Плесода (Словакия) өткен жарыста тіркелді. Отандастарымыз жалпыкомандалық есепте үшінші орын (5 алтын, 6 күміс) алды. Бұл көрсеткіш - Қазақстан құрамасының өз тарихындағы ең ірі жетістігі болатын. Алматыдағы Универсиадада отандастарымыз бұл рекордын жаңартты.
ХХVIII қысқы Универсиада ойындарында жалпыкомандалық есеп бойынша Ресей құрамасы бірінші орынды иеленді. Олар барлығы 71 медаль (29 алтын 27 күміс 15 қола) жеңіп алды. Үшінші орынды Оңтүстік Корея елінің спортшылары иеленді. Олар барлығы 11 алтын 5 күміс 5 қола медаль иеленді. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Жапония, Польша, Қытай, Франция, Италия, Беларусь және Украина құрамалары енді.
Келесі қысқы Универсиада ойындары 2019 жылы Ресейдің Красноярск қаласында өтеді.
Қазақстанның қысқы Универсиададағы нәтижелері:
1. 1993 жыл. Закопане (Польша) – 1 күміс. Жалпыкомандалық есепте – 16-орын
2. 1995 жыл. Хака (Испания) – 2 алтын, 1 қола. Жалпыкомандалық есепте – 8-орын
3. 2003 жыл. Тарвизио (Италия) – 2 алтын, 2 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте – 10-11-орын
4. 2005 жыл. Инсбрук (Австрия) – 4 алтын, 1 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте – 7-орын
5. 2007 жыл. Турин (Италия) – 2 алтын, 1 күміс, 2 қола. Жалпыкомандалық есепте – 13-орын
6. 2011 жыл. Эрзурум (Түркия) – 1 алтын, 5 қола. Жалпыкомандалық есепте – 18-орын
7. 2013 жыл. Трентино (Италия) – 2 алтын, 2 күміс, 1 қола. Жалпыкомандалық есепте – 15-орын
8. 2015 жыл. Гранада (Испания), Штрбске-Плесо (Словакия) - 5 алтын, 6 күміс. Жалпыкомандалық есепте – 3-орын.
9. 2017 жыл. Алматы (Қазақстан) – 11 алтын, 8 күміс 17 қола. Жалпыкомандалық есепте – 2-орын.