«Ұлы майдан» шақырады...
Иә, иә, кештің аты «Ұлы майдан». Неге бұлай деп ойланып та қалған шығарсыз. Бізде осы сауалдың жауабын алу үшін аралас жекпе-жектен «Алаш Прайд» командасының аға бапкері Асхат Ерболатовтан сұраған едік:
«Көпшілік жанкүйерді "Неге кештің атын «Ұлы майдан» деп атады?" деген сұрақ мазалап тұрған шығар. Мен бұл сұраққа жауап берейін. Алматыға әлемнің кіл мықтылары ат басын бұрады. Расул Мирзаевты әлем халқы жақсы біледі. Ал Мариф Пираевтың қазір нағыз жалындап тұрған шағы. Сонымен қатар, Өзбекстан, Әзірбайжан, Украина, Түркия сынды елдерден аралас жекпе-жектің «жілігін шағып, майын ішкен» спортшылар келеді. Ал оларға біздің елдің батырлары қарсы тұрады. Сондықтан да біз кештің атын «Ұлы майдан» деп қойдық», - дейді бапкер.
Расында, соңғы кездері елімізде спорттың аралас жекпе-жегі қарқынды дамып келеді. Құрылғанына 2 жыл болған «Алаш Прайд» командасы осы уақытқа дейін әлемнің бірнеше елін аралап, Қазақстанның атын шығарып та үлгерді бұл спорттың түрінде.
«Алматы Тауэрс» ғимаратында өтетін бұл кештің негізгі жекпе-жегі ретінде қазақстандық жанкүйерлерге «Арлан» лақап атымен таныс Ержан Естанов пен ресейлік «Черный тигр» есімімен белгілі, аралас жекпе-жектен Әлем чемпионы Расул Мирзаев арасындағы кездесу болмақ. Мирзаев осы уақытқа дейін MMA шаршы алаңында 5 кездесу өткізіп, барлығында да айқын басымдылықпен жеңіске жеткен. Ал Ержан 6 кездесу өткізіп, соның 4-еуін айқын басымдылықпен жеңсе, 2-еуін төрешілердің шешімі бойынша жеңген.
Негізі бұл жігіттер осыдан бір жарым жыл бұрын Ресей астанасы Мәсеуде сегіз бұрышқа шығу керек болатын. Дегенмен соңғы жылда Расулдың басы дауға ұшырап, бұл кездесу кейінге шегерілген. Ол оқиға былай болған: 2011 жылдың күз мезгілінде Расул «Гараж» атты түнгі клубтың маңында 19 жасар Иван Агафоновты ұрып құлатады. Содан зардап шеккен жігіт бірден өмірден өтіп кеткен. Сол оқиғаға байланысты, Мирзаев бір жылдай уақытын тергеу жұмысымен өткізеді. Тек 2012 жылдың желтоқсанында ақталып шыққан Расул жаттығуына қайта кіріскен.
Ертеңгі кеште Ержан мен Расул сегіз бұрыш төріне тоғызыншы болып шығады. Ал бұл кеште нүктені «Қазақ» лақап атымен таныс Қайрат Ахметов пен өзбекстандық «Баккир» есімді Нұралы Бакирдинов қояды. Ал осы кеште тағы да бір қызықты болады деген жұп «Найман» Қуат Хамитов пен шешенстандық Зубайра Тухугов арасындағы кездесу болмақ. Бүгін салмақ тарту рәсіміде бұл жіггіттер өз-өздерін ұстай алмай, жаға ұстасып қалды. Сондықтан да, Қуат пен Зубайра арасында кім мықты екені жанкүйерлерге де қызық болып жатқаны анық. Оны ертең сегіз бұрыштың алаңы анықтан береді.
Сонымен, ертеңгі «Ұлы майдан» жекпе-жегіне қатысатын жұптармен таныс болыңыздар:
(Алматы, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы. 31 наурыз)
57 келі: Қайрат Ахметов «Қазақ» – Валико Клвлидзе (Грузия)
60 келі: Асылан Тоқтарбаев «Арыстан» – Дмитрий Шаповал (Украина)
65 келі: Ержан Естанов «Арлан» – Расул Мырзаев (Дағыстан)
65 келі: Арман Оспанов «Сұңқар» – Вугар Мамедзаде (Әзірбайжан)
70 келі: Ермек Тылауов «Әл-Асад» – Осман Нәдір (Түркия)
71,5 келі: Ақтілек Жұмабекұлы «Алғыр» – Магомед Алхазов (Дағыстан)
72 келі: Қуат Хамитов «Найман» – Зубайра Тухугов (Шешенстан)
77 келі: Айбек Сәметаев – Мариф Пираев (Ресей)
93 келі: Шахмарал Жетпісов «Шахан» – Гига Куксалашвили (Грузия)
93+ келі: Қылышбек Сарқарбаев «Сайфолла» – Евгений Деньщиков (Украина)
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: alashpride.kz, profc.com.ua