Ұлттық құрамаға кешігіп келген футболшы жазаланды
Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Красножан Георгий Жуковты Исландия құрамасына қарсы ойынға шақырған болатын. Бірақ, «Астана» клубының ойыншысы ұлттық құрамаға кешігіп қосылды. Нәтижесінде «Астана-Аренада» өткен ойында алаңға шыққан жоқ. Тек кейіннен Ресейге қарсы жолдастық кездесуде 86 минут өнер көрсетті.
Ел футболының тәртіптік-бақылау комитеті Георгий Жуковтың ұлттық құрамаға кешігіп келуіне байланысты 3 ойынға қатыспауға шешім шығарды. Футболшы «Астана» сапында «Тараз», «Ордабасы» және «Қайратқа» қарсы ойында алаңға шықпайды. Ал елордалық клуб мүшелері Георгий Жуковқа қатысты шешімге шағым түсірмек.
Тәртіптік-бақылау комитеті тек Георгий Жуковты ғана жазалап қойған жоқ. Бірнеше даулы оқиғаларға байланысты да шешім қабылдады.
- Бірінші лигадағы «Лашын» клубының ойыншысы Қарлық Ардақ ойын аяқталған соң қарсыласының аяғынан тепкені үшін үш ойынға шеттетілді.
- «Екібастұз» бен «Бәйтерек» клубтарының арасындағы ойын алдында елордалық клуб мүшелерінің ресми ұйымдастырылған кездесуге келмегені үшін 75 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.
- «Тараз» - «Қайрат» ойынында жергілікті жанкүйерлердің ойын соңынан алматылық ұжым автобусы алдында тәртіпсіздік танытқаны (тас атқаны үшін) үшін Евгений Яровенко баптайтын клубқа 50 000 теңге айыппұл салынды.
- «Тараз» дублінде ойнайтын Кеңесбек Әділет қарсыласын гол соғу мүмкіндігінен айырғаны үшін бір ойынға шеттетілді.
- «Қайрат» клубының дубліне 50 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Команда ойыншылары ойын ережесін жиі бұзған.
- «Спартак» клубы республикалық «Арман» турниріне жастар құрамасын қатыстырмағаны үшін 1 000 000 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Сурет: kff.kz