УЕФА Суперкубогына арналған матчта алғаш рет әйел төреші болады
Чемпиондар лигасының жеңімпазы "Ливерпуль" мен Еуропа лигасының жеңімпазы "Челси" арасындағы кездесу 14 тамызда Ыстамбұлда өтеді. Хабарламада айтылғандай, тарихта тұңғыш рет әйел төреші ерлер командаларының қатысуымен өтетін УЕФА-ның ірі турнирінде төреші болғалы тұр. Қапталдағы төрешілер де әйелдер: Мануэль Николоси мен Мишель О'Нилл. Төртінші төреші – түркиялық Джунит Чакыр.
"Мен әйелдер футболының шексіз әлеуеті бар екенін бірнеше рет айттым. Стефани Фраппар көмекшілері Мануэла Николоси және Мишель О'Ниллмен бірге УЕФА Суперкубогының бас төрешісі болып тағайындалғанына қуаныштымын", - деді УЕФА президенті Александер Чеферин.
"Біздің ұйым әйелдер футболын барлық салада дамытуға ерекше көңіл бөледі. Стефанидің мансабын осындай жоғары деңгейге көтерген шеберлігі мен адалдығы бүкіл Еуропадағы миллиондаған әйел қауымын шабыттандырады. Және оларға ештеңе кедергі болмайды деп үміттенемін. Бұл – олардың арманы", - деді УЕФА президенті.
"Ливерпуль" мен "Челси" арасындағы УЕФА Суперкубогы үшін матчта төрешілерге көмек көрсету жүйесі (VAR) қолданылады. Фраппардың бейнеқайталаудағы көмекшілері болып Клеман Тюрпен (Франция), Франсуа Летесье (Франция), Марк Борш (Германия) және Массимилиано Иррати (Италия) тағайындалған.
Айта кетейік, осы жылдың шілдесінде Фраппар Лионда АҚШ пен Нидерланд ұлттық әйелдер құрамаларының арасындағы Әлем чемпионатының финалында бас төреші болған.