УЕФА «Астана» ойыншысын қатаң жазалады
Елордалық клубтың 21 жастағы легионері Финляндияның «ХИК» клубына қарсы ойында алаңнан қуылған болатын. Кездесудің 75 минутында қонақ команда ойыншысына қарсы дөрекілік танытып, шалып жыққан еді. Футболшының тәртібін қайта қараған УЕФА тәртіптік комитеті шабуылшының 6 ойынға қатыспауына шешім шығарды.
Патрик Твумаси Кипрдің «АПОЭЛ» клубына қарсы бірінші ойынына қатыспаған еді. Енді қарымта ойын мен топтық кезеңдегі 4 кездесуге қатыса алмайды.
Айта кетейік, «Астана» мен «АПОЭЛ» арасындағы бірінші ойында қазақстандық клуб 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Қарымта 26 тамыздан 27 тамызға қараған түні Никосияда өтеді.