Тұрсынбай Құлахмет Азия чемпионатында өзбекстандық кәсіпқой боксшыны ұтты
Отандасымыз қарсыласына қарсы жекпе-жекте шеберлік танытып, қорғаныста да, шабуылда да басымдық байқатты. Нәтижесінде төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті.
Исраил Мадримов - Өзбекстан құрамасындағы тәжірибелі боксшылардың бірі. Тіпті кәсіпқой бокста да бақ сынап жүр. Екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Осы кездесулерінен кейін "Құбыжық" деген лақап атқа да ие болды.
Айта кетейік, кәсіпқой бокста 15 жекпе-жек өткізбеген боксшылар әуесқой бокста да бақ сынай береді.
Бүгін күндізгі күнтізбе бойынша Закир Сафиуллин де шаршы алаңға шықты. 60 кило салмақта қытайлық боксшы Цзюн Шанды ұтып, жартылай финалға өтті. Василий Левит те Ирактан келген боксшы Мұхаммед Рабеаны айқын ұтып, 1/2 финалға шықты. Сондай-ақ кешкі күнтізбе бойынша тағы екі боксшымыз жекпе-жек өткізеді. Олар - команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пен Асланбек Шымбергенов.
Айта кетейік, кеше Қазақстан құрамасы сапында жартылай финалға Теміртас Жүсіпов (49 кило), Санатәлі Төлтаев (64 кило), Бек Нұрмағанбет (81 кило) және Дариға Шәкімова шыққан болатын. Ал Қайрат Ералиев (56 кило) пен Алуа Балқыбекова (48 кило) ширек финалда жеңіліп, жүлделі орынға ілікпеді.