Токио Олимпиадасына боксшыларды іріктеу жарыстары қалай өтеді?
ХОК мәлімдемесіне сәйкес, 2020 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Азия/Мұхиттық елдер аймағында іріктеу кезеңі өтеді. Қазақ боксшылары да осы аймақтық жарыста бақ сынайды. Бұл аймақта ерлер арасында - 41, әйелдер арасында 22 жолдама сарапқа салынады. Жалпы алғанда, Токио ойындарына жолдама тарататын төрт турнир ұйымдастырылады. Қайда өтетіні алдағы уақытта белгілі болмақ.
Токио Олимпиадасы бағдарламасына енетін салмақ дәрежелері де өзгерді. Ерлер 8 салмақ дәрежесі бойынша, әйелдер 5 салмақ бойынша қатысатын болады. Осыған дейін ерлер - 10, әйелдер 3 салмақ бойынша жеңімпаздарды анықтап келген еді.
Ерлер арасындағы олимпиадалық салмақ дәрежелері: 52 килоға дейін, 57 килоға дейін, 63 килоға дейін, 69 килоға дейін, 75 килоға дейін, 81 килоға дейін, 91килоға дейін, +91 келі.
Әйелдер арасындағы олимпиадалық салмақ дәрежелері: 51 килоға дейін, 57 килоға дейін, 60 килоға дейін, 69 килоға дейін, 75 кило.
Нақтырақ айтсақ, бокстан Олимпиада ойындарына бір ел 13 боксшы (8 ер, 5 әйел) қатыстыра алады. Бұрынғы ереже бойынша бір салмақта бір боксшы ғана бір ел атынан шығады.
- Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімі біз күткендей-ақ болды. Бұл туралы біраздан бері айтылып келген. Салмақ дәрежелерін де болжап жүрдік. Алдағы Президент кубогы мен әлем чемпионаты да осы 8 салмақ бойынша өтеді.
Біз көбірек жолдама алуды жоспарлаудамыз. Спортшылар алдында барлық салмақ дәрежелері бойынша жолдама алу тапсырмасы тұр.
Салмақ дәрежелерінің қысқаруы - жігіттер үшін оңай соққан жоқ. Жеңіл салмақта, оның ішінде 49 бен 60 кг салмақ дәрежелерінде мықты-мықты боксшыларымыз бар. Олар әрқашан Олимпиадаға қатысып, жүлде алуды армандайды. Жаңа ереже олардың үмітін үрлемей тұр. Гендерлік саясат - ерлер спортындағы нағыз жігіттерге соққы болды.
Салмақ дәрежелерінің қысқаруы - жүлделер санына да әсер етері сөзсіз. Осыған дейін боксшыларымыз жүлдесіз қайтқан емес. Олимпиада ойындарына барған кез келген спортшымыз жүлдеден үмітті болатын. Екі салмақ дәрежесінің алынып тасталуы - екі жүлдеден қағылғанымызды білдіреді, - дейді бокстан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев ҚБФ сайтына берген сұқбатында.
Токио Олимпиадасына іріктеу жарыстарын Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (AIBA) ұйымдастырмайды. Себебі бұл ұйым қазір қиын-қыстау кезеңде. Тағылған айып көп, істерінде шикілік бары анықталды. Нәтижесінде жапон жеріндегі боксшылар бәсекесі ХОК бекіткен негізгі қағидалар аясында өтеді.
AIBA неге айыпталды? Себебі бұл ұйым жұмысында шикіліктердің көбі әшкере болды. Әсіресе ХОК Риодағы Олимпиада ойындары кезіндегі төрешілер шешімін сынға алды. Атқарушы комитетті Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) есеп-қисабы, басқару жүйесі, қаржы жұмсау, төрешілік пен допинг ережесі қанағаттандырмады. Нәтижесінде қаржыландыруды да тоқтатқан болатын. Қазір бұл ұйым қаржылық дағдарыс алдында тұр.
АІВА-ны ХОК мүшелігіне қайтару мәселесі 2020 жылғы Токио Олимпиадасынан кейін қайта қаралады. Ол үшін ұйымда түбегейлі өзгерістер болуы қажет.
Токио Олимпиадасындағы бокс бәсекесі 2020 жылдың 25 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді.