Теннистен Қазақстан құрамасы Дэвис Кубогының финалдық кезеңіне шықты
Екінші күннің бірінші матчында Андрей Голубев пен Александр Недовесов жетістікке жетті. Жұптық кездесуде олар Робин Хаасе мен Жан-Жюльен Ройерді – 6:3, 6:3 есебімен жеңді. "Хардтағы" кездесу 1 сағат 10 минутқа созылды.
"Командаға ұпай әкелгенімізге қуаныштымыз. Нәтижеге көңіліміз толып отыр. 6:3 6:3 есебін көріп, тартысты айқас болмады деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда бұл - жұптық санатты қалпына келтіргеннен кейінгі алғашқы матчымыз болып отыр. Қатты қобалжыдық. Ақыры ойынымызды түзеп, жақсара түскен секілдіміз. Ары қарай да өркендей бермекпіз", - деді Александр Недовесов матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Екінші матчта Александр Бублик Робин Хааседен 7:6 (7:4), 6:1 (1 сағат 18 минут) есебімен басым түсті. Әлемнің 51-шы ракеткасының табысы нидерландықтармен бәсекеде жеңіс туын желбіретуге жол ашты.
"Бұл – ортақ жеңіс, сол себепті Мадридке жолдаманы мен алып бердім деп айтудың реті жоқ. Біздің жұптық санатта шыққан спортшыларымыз ұпай әкелді. Миша Хаасені бірінші күні-ақ шаршатып тастаған секілді. Алғашқы күні тіркелген 1:1 есебі бүгін 3:1 есебімен жеңіске ұласты. Бұл – жақсы нәтиже", - деді Александр Бублик матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Құрама капитаны Юрий Щукин өз сөзінде командаға алғысын білдіріп, жаңа рөлдегі дебюті сәтті болғанын айтып жатыр.
"Өз мінберімізде жеңісті жұлып алып, әлемнің басты теннис турниріне жолдама алу, осыдан барып үздік дебютпен шығу – арманымыз еді. Өз үйімізде ешкімге есе бермейтінімізді тағы бір мәрте дәлелдей түстік. Өз еліміздің аренасында жетінші матчты жеңіспен аяқтап отырмыз", - деді Юрий Щукин.
Еске сала кетсек Қазақстан мен Нидерланд құрамалары арасындағы алғашқы ойын күні 1:1 есебімен аяқталған еді.
Алғашқы ойын күні, яғни 6 наурызда Дэвис Кубогының іріктеу раундының алғашқы матчында Михаил Кукушкин үш сетте Нидерландының бірінші ракеткасы Робин Хаасеге (4:6, 7:6, 3:6) есе жіберді.
Алғашқы күннің екінші матчында Таллон Грикспурмен кездесуде екі сетте де Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик жеңіске жетті. "Хардтағы" текетірес 1 сағат 56 минутқа созылып, 7:6, 7:6 есебімен аяқталды.
12 наурызда Мадридте Әлемдік лиганың жеребесі өтеді. Ол жеребеде Қазақстан құрамасы топ бойынша өз қарсыласын білетін болады.