Футболдан Израиль құрамасында ойнаған, сондай-ақ Еуропаның танымал Барселона мен Манчестер Сити секілді танымал клубтарында доп тепкен ойыншыГай АссулинАлматының Қайратымен қош айтысты. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлады. Футболшы мен команда келісімшартты бұзу туралы ортақ мәмілеге келген. Ресми ақпарат бойынша футболшы отбасылық жағдайына байланысты командадан кетіп жатыр екен. 26 жастағы футболшы Қайрат сапына 13 ақпан күні қосылған еді. Екіжылдық келісімшартқа қол қойған. Команда сапында екі ойынға қатысып үлгерді. Астанаға қарсы Суперкубок ойынында 68 минутта алаңға шықса, Қызылжар клубына қарсы кездесуде бір тайм ойнады. Гай Ассулин Барселона сапында бір ойын өткізген. Англияның Манчестер Сити, Брайтон командаларында қаралымда болған. Испанияның Расинг, Гранада, Мальорка, Эркулес командаларында доп тепкен. Соңғы маусымда Испанияның төменгі лигасындағы (үшінші дивизион) Сабадель командасында ойнаған еді. Айта кетейік, кеше Қайрат клубы қатарлары бразилиялық жартылай қорғаушыХуан Фелипементолыққанын хабарлаған болатын. Жаңа маусым алдындағы трансфер кезеңі 3 сәуір күні аяқталады.