Таэквондадан әлемдік «Гран-Приде» жолымыз болар емес
58 келіде өнер көрсететін Нұрсұлтан Мамаевқа бапкерлеріміз бен жанкүйерлеріміз үлкен сенім артқан еді. Бірақ, отандасымыз бірінші кездесуінде таиландтық Пенек Каракеттен айласын асыра алмады. 80 келідегі доян шеберіміз Мақсат Әбдірамбек те өзбекстандық Максим Рафаловичке есе жіберді. Әйелдер арасында 67 келідегі Гүлім Бибалаеваны қытайлық Юн Фей Гу келесі кезеңге өткізбеді.
Айта кетейік, доданың бірінші күні жарыс жолына шыққан төрт спортшымыз да жеңіліс тапқан болатын. Ертең 68 келіде Қайрат Сарымсақов пен 57 келіде Әсел Қойлыбай ел намысын қорғайды. Сонымен қатар, турнир де өз мәресіне жетеді.
Естеріңізге сала кетсек, әлемдік «Гран-При» додасында топ жарған спортшыларға рейтингтік ұпайлар қосылады. Доян шеберлерінің жинаған ұпайлары ертең Олимпиадаға жолдама алуына септігін тигізетін болады. «Гран-Приде» топ жарған спортшы 5 000 АҚШ долларына ие болса, екінші орынға – 3 000 АҚШ доллары, үшінші орынға 1 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындалған.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: confederation.kz