Светлана Подобедова РФ президентінің кубогында күміс жүлде иеленді
75 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Светлана Подобедова жұлқа көтеру жаттығуында үш мүмкіндігін де сәтті пайдаланды. Үздік көрсеткіші 118 келіні құрады. Ал серпе көтерудегі үздік көрсеткіші 146 келіні құрады. Нәтижесінде ресейлік Ольга Зубовадан кейін екінші орын алды. Алтын медальға ие болған Ольга отандасымыздан 4 келі артық көтерді. Бұл салмақтағы екінші бір спортшымыз Әсем Садықова да сәтті өнер көрсеткенмен, жүлделі орынға іліге алмады.
Айта кетейік, Светлана Подобедова жақында ғана Хьюстонда өткен әлем чемпионатында төртінші орын алған болатын. Жұлқа көтеруде 126 келіні көтерсе, серпе көтеруде 155 келіні басынан асырған-ды. Ал сол додада Ольга Зубова да отандасымызбен бірдей нәтижені бағындырып, салмағының аз болуына байланысты қола жүлдегер атанған еді.