Светлана Подобедова әлем чемпионатында төртінші орын алды

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Фото ©️ sports.kz

Қазақстандық спортшы екі жаттығуда да сәтті өнер көреткенімен, жүлделі орыннан көріне алмады. Жұлқа көтеруді 121 келімен бастап, үшінші мүмкіндігінде 126 келімен аяқтады. Нәтижесінде кіші қола медальға ие болды. Бірінші жаттығуда қытайлық Кан Юэ 127 келі зілтемірді көтеріп, кіші алтынға ие болса, күмісті солтүстік кореялық Лим Джон Сим (125 келі) жеңіп алды.

Серпе көтеруді Светлана Подобедова 147 келіден бастады. Екінші мүмкіндігінде отандасымыз 155 келі зілтемірді басынан асырды. Алайда төрешілер қазақстандық спортшының нәтижесін есепке алмады. Үшінші мүмкіндігінде барып қана төрешілер есепке алды. Қорытындысында ресейлік Ольга Зубова соңғы екі мүмкіндігінің соңғысын сәтті пайдаланып Светлананы төртінші орынға сырғытты. Негізінен екі спортшы да қос жаттығу қорытындысы бойынша 276 келі көтерген болатын. Алайда Светланадан салмағы жеңіл болған ресейлік спортшының жолы болып кетті.

75 келіге дейінгі салмақта алтын жүлде қытайлық Кан Юэге бұйырды. Ол қос жаттығу қорытындысында 282 келіні бағындырды. Күміс жүлде жарақат алса да соңына дейін тырысып, табандылық танытқан солтүстік кореялық Лим Джон Симге (280 келі) бұйырды.

Айта кетейік, осыған дейін Хьюстонда өтіп жатқан әлем чемпионатында Ниджат Рахимов чемпион атанса, Алмас Өтешов пен Жазира Жаппарқұл күміс алған-ды. Қоржындағы бір қола Жасұлан Қыдырбаевтың еншісінде. Дүбірлі дода 29 қараша күні мәресіне жетеді.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама