Сүлейменов Селбиден аса алмады
52 келі салмақта өнер көрсететін Ілияс Сүлейменов ширек финалда британдық боксшы Эндрю Селбимен кездесіп, жартылай финалға шыға алмады.
Ширек финалдық кездесуде қазақ спортшысы британдық былғары қолғап шебері Эндрю Селбиге есе жіберіп қойды. Отандық спортшымыз бірінші раундты өз пайдасына 3:0 есебімен аяқтаған болса да, екінші раундта дәл осы есеппен есе жіберіп алды. Ал үшінші бөлікте валиялық боксшы басымдылық танытып, қазылар алқасының қолдауына ие болып кетті.
Бір айта кетерлігі, Лондонда өткен Олипиада ойындарында да Сүлейменовты дәл осы спортшы ширек финалға жібермеген болатын - 19:15 есебімен жеңіп кетіп еді.
Қоса отырсақ, Алматыда өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатының жартылай финалына сегіз боксшымыз өтті: Біржан Жақыпов (46 келі салмақ) Пуэрто-Рико өкілі Антони Чакона Риверуді жеңсе, Қайрат Ералиев (56 келі салмақ) сенсациялық түрде Олимпиада чемпионы кубалық Робейси Карразануды тізе бүктірсе, Мерей Ақшалов (64 келі салмақ) қырғыз боксшысы Ермек Сәкеновтің алдын орап кетті, ал Жәнібек Әлімханұлы (75 келі салмақ) румын спортшысы Богдан Джуратониден айналып өте алды. 64 келі салмақта өнер көрсететін Данияр Елеусінов Италия елінен келген Винченцо Манчикапреден басым түссе, Әділбек Ниязымбетов үндістандық Сумит Сангвамен жұдырықтасып, жартылай финалға шықты... 60 келі салмақта жұдырықтасатын Берік Әбдірахманов венесуэлалық Луис Диаздан айласын асырды. Аса ауыр салмақта бокстасатын Иван Дычко (91 келі салмақ) қарсылассыз жеңіске жетті. Өз кезегінде, Иванның қарсыласының медициналық тексерістен өте алмай қалғанын айта кеткіміз келеді.
Бокстан Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионаты 26 қазанға дейін жалғасады.
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
сурет: "Астана Спорт" басылымы