Суарес пен ван Перси жарақат алды
«Ливерпуль» командасының намысын қорғап, Роналдумен қатар «Алтын бутсыны» иелену мәртебесіне ие болған Луис Суарес ұлттық құраманың жаттығуы кезінде тізесін жарақаттап алған. Дәрігерлер айтуынша, футболшының жарақаты отаны қажет етеді екен. Егер ота жасатар болса, кемінде 5 апта жасыл алаңға шықпайтын болады. Әзірге, құрама мүшелері мен футболшы қандай шешім қабылдары беймәлім болып отыр.
Дәл осындай жағдай «Манчестер Юнайтед» командасы мен Нидерланды құрамасының шабуылшысы Робин ван Персидің де басына түсіп отыр. 30 жастағы шабуылшы жаттығу кезінде тізесін жарақаттаған. Жарақаттың ауыр немесе жеңіл екендігі алдағы медициналық тексеруден кейін белгілі болмақ.
Бразилияда өтетін Әлем чемпионатының басталуына да аз уақыт қалды. Тезірек емдеу ісін қолға алмаса, екі футболшының да «мундиальға» жолы түспеуі мүмкін. Жарақат алған футболшылардың қатарында Радамель Фалькао мен Диего Коста да бар.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.ru