Астана футбол клубы мен Станимир Стойлов жаңа еңбек келісімшарты туралы мәмілеге келді. Бұл туралы елордалық команданың ресми сайты хабарлады. Алдағы жұма күні команда Станимир Стойловтың бастауымен Біріккен Араб Әмірлігіне аттанады. Онда УЕФА Еуропа Лигасының 1/16 кезеңі аясында өтетін тарихи кездесуге дайындық жұмыстарын жүргізетін болады. - Мен басынан бастап Астана командасымен жұмыс жасауды жалғастырғым келетінін жасырған емеспін. Біз соңғы жылдарда өте үлкен нәтижеге қол жеткізіп, жанкүйерлер тарапынан қызу қолдауға ие болдық. Шынын айтсам, Астана мен Қазақстан менің екінші Отаным сияқты болып кетті. Біз Спортингке қарсы кездесуде лайықты өнер көрсетіп, клубымыздың абыройын асқақтатамыз деген сенімдемін. Команда құрамындағы ойыншылар тезірек спорттық бабына келіп, маусымға дайын болуы үшін бізді алда өте маңызды оқу-жаттығу жиыны күтіп тұр, - деді Станимир Стойлов клубтың баспасөз қызметіне.Айта кетейік, 50 жастағы болгар маманы Астана футбол клубының тізгіні 2014 жылы ұстаған еді. Командамен алғашқы маусымда-ақ ел чемпионы атанды. Одан бергі аралықта ел футболы тарихында айтулы жетістіктерді бағындырды. Сондай-ақ осы маусымда тұңғыш қазақстандық команда болып Еуропа лигасының 1/16 финалына шықты.