Шымкентте Мұстафа Өзтүрік атындағы таеквондо спорт клубы ашылды
Қазақ топырағына таэквондо спортын ала келген, алты алаштың айбынына айналған айбоз ұлы – Мұстафа Өзтүрік атындағы спорт клубтарының ашылуына Қазақстан таеквондо федерациясы мен «KaspiBank» мұрындық болып келеді. Қазір бұл бағдарлама бойынша «Mustafa - Astana» мен «Mustafa - Almaty» спорт клубтары жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта Мұстафа Өзтүрік атындағы спорт клубтарын еліміздің өзге қалаларында да ашу жоспарда бар екен.
Мұстафа Өзтүрік атындағы таеквонда клубының үшінші болып Шымкентте ашылуының да себебі жоқ емес. Бүгінде Оңтүстік Қазақстанның әкімшілік орталығы халық саны бойынша елдегі екінші, ал алып жатқан жер көлемі бойынша ең үлкен шаһар болып есептеледі. Шымкент - Қазақстанның негізгі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірі. Сондай-ақ, бұл өңірдің таеквондо мектебінің саңлақтары республикалық маңызы бар жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүр.
- Шымкенттегі спорт клубына келіп, осы спорт түрімен айналысам деушілерге есік айқара ашық. Қазір клубта 6 мен 33 жас аралығындағы 20-дан астам адам жаттығады. Оқу таеквондоның барлық бағдарламасы бойынша жүргізіледі, - деп хабарлады ҚТФ баспасөз қызметі.