"Шахтер" Шотландияға жол тартты
«Шахтер» командасын Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев пен «кеншілер» ұжымының жанкүйерлері халықаралық «Сарыарқа» әуежайынан шығарып салды. Қарағандылық жанкүйерлер командасының топтық кезеңге шығатынына сенімді. Өз кезегінде «кеншілер» команданың бас бапкері Виктор Кумыков та қарсылас қақпасында бірнеше доп тулатып, жеңіске бастар жолды іздейтінін жасырмады.
Сонымен қатар, қарағандылық ұжым «Селтик Паркте» қолдау көрсететін жанкүйерлеріне арнап команданың қызыл-сары түсті жейделері мен сыйлықтарын алып бармақ. Естеріңізге сала кететін болсақ, жергілікті «Селтик» командасының басты қарсыластары саналатын «Глазго Рейнджерс» клубының жанкүйерлері қазақстандық клубты қолдайтынын әлеуметтік желілерде хабарлаған болатын.
Ал "Шахтер" командасы жайлы УЕФА бейнежазба түсірді. Ұзақтығы төрт жарым минуттай болатын бейнежазбада команданың тарихынан сыр шертіп, футболшылар туралы да мағлұмат береді. Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетіп, шотландиялық «Селтикті» алғашқы кездесуде жеңген ұжымның оңай шағылатын жаңғақ емес екені айқындалған.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/wcQA6yD_11A#t","width":"450","height":"300"});
«Шахтер» мен «Селтик» арасындағы қарымта кездесу тамыздың 28-нен 29-на қараған түні Глазгодағы «Селтик Паркте» өтеді. Кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vesti.kz