"Шахтер" 25 сатыға жоғарылады
2013/2014 маусымдағы Еурокубок жолындағы тартыста барын салған қазақстандық клубтар УЕФА рейтингінде ұлттық құрамаға рекордтық ұпай сыйлауда. Осы маусымда еліміздің клубтарының қоржынында 10,5 ұпай («Шахтёр» — 4 ұпай, «Ақтөбе» — 4 ұпай, «Ертіс» — 2,5 ұпай) бар. Осыған дейін қазақстандық футбол ұжымдары бір маусымда 2 ұпайдан артық жинамаған болатын. Әзірге УЕФА коэффициент кестесіндегі соңғы бес кезеңнің қорытындысы бойынша, Қазақстан 7,750 ұпай иеленіп, Босния және Герцеговинаны басып озып, 34-орынға тұрақтап отыр.
2012/2013 жылғы маусымда Виктор Кумыков баптайтын команда 147-орыннан көрінген болатын. Ал осы маусымдағы "кеншілер" командасының сәтті ойыны қазақстандық клубты 25 саты жоғарылатып отыр. Нәтижесінде "Шахтер" Еуропаның клубтық рейтингінде 122-орынға тұрақтады. Алайда команданың жарыс жолында күтіп тұрған кездесулерін ескеретін болсақ, әлі клубтың рейтингте жоғары өрлеуге мүмкіндігі мол.
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің алғашқы кездесуін жеңіспен бастаған "Шахтер" жайлы кәрі құрлықтың БАҚ өкілдері жарыса жазуда. Ендеше Қазақстандағы сенсацияны басты беттерінде жариялаған басылымдарға үңіліп көрейік:
1. 2:0 болып жеңілген «Селтиктің» халі мүшкіл (© AFP)
2. Қазақстан клубына есе жіберген «Селтик» Чемпиондар Лигасында ақсап қалды (© Irish Examiner)
3. Чемпиондар Лигасында «Селтиктің» басына күн туды (© Bleacher Report)
4. «Селтик» Қазақстанда қорғаушыларының қателігінен сан соғып қалды (© The Irish Times)
5. «Селтик» күтпеген жеңіліске тап болды (© Dundee Courier, Scotland)
6. Ұсақ «шабақ» «Селтикке» ұстатпады (© The Independent)
7. Кельттер Қазақстаннан көңілсіз қайтты (© Celtic FC — Official Site)
8. Чемпиондар Лигасы кешінің сенсациясы: Селтик Глазгоның жеңілісі (© Evening Times)
9. «Шахтер» плей-офф кезеңінде «Селтикті» селт еткізді (© UEFA.com)
10.Қазақстандағы сұмдық – «Селтиктің» жаға ұстатар жеңілісі (© Daily Record).
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz