"Севилья" Еуропа лигасы финалында "Интерді" ұтты
Екі команда арасындағы финалдық кездесу Германияның Кельн қаласында өтті. "Рейн Энерги" стадионында Испаниядан келген команданың бағы жанды.
"Севилья" мен "Интер" арасындағы ойын қызықты әрі тартысты болды. Ойын басында Ромелу Лукаку пенальтиді сәтті орындап командасын алға шығарды. 12 минутта Люк де Йонг таразы басын теңестірді.
33 минутта Люк де Йонг дубль жасап, "Севильяны" есепте алға шығарды. Алайда испандық команданың қуанышы көпке созылмады. 2 минуттан кейін-ақ Диего Годин есепті қайта теңестірді.
Ойында Хулен Лопетеги шәкірттеріне жеңіс сыйлаған гол 74 минутта соғылды. Диего Карлостың қайшылай тепкен добын Ромелу Лукаку сәтсіз қайтарып өз қақпасына гол соғып алды. Автогол.
"Интер" есепті теңестіруге ұмтылғанмен, күткен нәтижелеріне қол жеткізе алған жоқ. Еуропа лигасының күміс жүлдегері атанып қайтты.
Финалда дубль жасаған Люк де Йонг ойынның үздік футболшысы атанды. Сондай-ақ финалда екі голды да баспен соққан ойыншы ретінде рекорд жасады.
"Севилья" өз тарихында алтыншы рет Еуропа лигасын жеңіп алды. Осыған дейін 2006, 2007, 2014, 2015, 2016 жылдары иеленген еді. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Марапаттау салтанаты соңынан команда жүрек талмасынан көз жұмған Антонио Пуэрта және көлік апатынан қаза болған Хосе Антонио Рейес бейнесі салынған жейде киіп, бұрынғы командаластарын еске алып, жанкүйерлер жадына бір түсірді.