Қазақстан бокс федерациясы Серік Қонақбаевты AIBA президенті қызметіне ұсынды. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі хабарлады. - AIBA сайлау ережесіне сәйкес, біз барлық ұлттық федерацияларға өз ұсынысымыз туралы хабарладық. Олардан жауап хат күтеміз. Одан кейін барып біз құжаттарды Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының штаб-пәтеріне жібереміз. Құжаттар қаралғаннан кейін үміткерлердің тізімі AIBA сайтында жарияланады, - деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Бекжан Бектенов. Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) атқару комитетінің мүшелері мен президентін сайлау шарасы 2-3 қарашада Мәскеудегі кезекті конгресте өтеді. Серік Қонақбаев - қазақтан шыққан танымал боксшылардың бірі. Екі дүркін Еуропа чемпионы және екі рет Әлем кубогын иеленген. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін қоғамдық істер және спорт менеджментімен айналысты. Мәжіліс депутаты болды. 2010 жылдан бері AIBA атқару комитетінің мүшесі, 2014 жылдан бері - AIBA вице-президенті және Азия бокс конфедерациясының президенті қызметін атқарып келеді.