Сергей Корчинский: «Атамандарды» жеңу керекпіз!
— Мексика жерінде қарсыласты жеңгенімізге қарамастан, мен қарымта кездесуде қобалжып отырдым. Өйткені, «Әтештер» қарымта кездесуге кіл мықты боксшыларын алып келген болатын. Оның үстіне, өз жігіттерімнің физикалық дайындығына уайымдадым. Жігіттердің жаттығулары ұзақ әрі қатал режимде болды. Дегенмен менің күмәнімнің барлығы да бос әуре болыпты: жігіттер тамаша бокс көрсетті. Сондықтан да команда қатарындағы боксшыларға алғысымды айтықым келеді, - деп бастады әңгімесін Сергей Корчинский.
— Иә, жартылай финалда тамаша өнер көрсеттіңіздер. Енді алда «Атамандар» күтіп тұр. Жалпы маусымды украиналық командамен бастаған едіңіздер. Енді бұл ұжыммен қажырлы еңбек пен тынымсыз жаттығуларға нүкте қоятын боласыздар...
— Шынында да, барлығы бейне бір детективта болған оқиға секілді. Украинамен бастадық – Украинамен аяқтайтын боламыз.
— Құрамында Олимпиада ойындарының чемпиондары бар Украина командасын қалай жеңуге болады?
— Мен «Атамандардың» екінші жартылай финалдық кездесулерін көрген жоқпын. Қарау керек. Қарсылас туралы көп ақпарат жинау керек. Сосын осы жиналған мәліметтер бойынша, қарсыластың осал және мықты тұстарын анықтайтын боламыз.
— «Арландар» сапынан финалда жұдырықтасатын боксшылардың тізімін жасап қойған шығарсыз...
— Уақыттың алдына түсіп, жүгірмейікші. Финалға дейін әлі 20 күн бар. Мен финалда шығатын боксшылардың тізімін жасаған жоқпын. Тізім жасау үшін боксшыларымның қарымын анықтау керек. Командада қатарында 15-тен көп боксшы бар. Барлығы да «сен тұр, мен атайын» деп тұрған боксшылар. Бірақ мен кімнің дайындығы жақсы болады, сол боксшыны рингке шығаратын боламын.
— Көптеген бокс жанкүйерлері финалда Усик пен Мырсатаевтың жекпе-жегін күтуде. Бұл кездесу болуы мүмкін бе?
— Әрине, болуы мүмкін. Дегенмен бұл кездесуде Усик анық фаворит болады. Ол осы уақытқа дейін аса ауыр салмақтағы барлық мықты боксшыларды жеңіп келеді. Русланның соққысы мықты. Әр боксшының көзірлері болады. Боксшылардың қайсысы мықты жағын оңтайлы пайдаланса, сол жеңіп кетуі мүмкін.
— Сіз келер маусымда «Арландардың» қатарында қаласыз ба?
— Бұл енді менің құзырымдағы шаруа емес. Команданың жетекшілері бар. Сол кісілер шешетін болады бұл мәселені. Ал менің қазақстандық командамен келісім-шартым бір жылға жасалған.
— Ал жалпы өзіңіздің команда қатарында қалғыңыз келе ме?
— Бұл сауалды мен тек команда жетекшілерімен отырып шешетін боламын. Команда қатарында жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Жағдайымыз да қарастырылған. Бірақ мен жанұямнан ұзақтамын. Осы жағдай аз-кем проблема тудырады.
— Өзіңіз туып-өскен Украина елі сізге шақырту жасаған жоқ па?
— Осы сұраққа байланысты «Атамандармен» маусым басында әңгіме болған. Дегенмен біз келісім-шарт жасауға кіріскенде, олар маған нақты ұсыныс жасаған жоқ. Сондықтан мен Украинада қалған жоқпын. Ал осы күнге келетін болсақ, бүгінде маған Украинадан ешқандай ұсыныс келген жоқ.
— Финалдық кездесу туралы айтып берсеңіз енді. «Арландардың» «Атамандарды» жеңуге қауқары жете ме?
— Тағы қайталап айтамын, мен уақыттың алдына түскім келмейді. Барлығын жігіттердің дайындығы және шаршы алаң көрсететін болады. Бірақ біз «Атамандарды» жеңу керекпіз!
— Әңгімеңізге рақмет. Финалдық кездесуде тек жеңіс тілейміз.
Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай
Сурет: sports.kz