Сэм Солиман (IBF чемпионы): "Гил жеңіске жетеді"

Болат Қосмағамбет Корреспондент

Сондай-ақ ол 26 шілде күні Нью-Йоркте өзінің отандасы Дэниэл Гил мен Геннадий Головкин арасында өтетін жекпе-жекке де пікірін білдіре кетіпті.

«Головкин фаворит ретінде саналып отыр, алайда бұл кездесу ол үшін жеңіл болады деп айта алмаймын,-дейді Солиман, - Егер Головкин Гилге өз стилінде жұдырықтасуға мүмкіндік беріп қойса, кездесу чемпион үшін жақсылықпен аяқталмайды. Сондай-ақ егер Гил оған осындай мүмкіндік жасаса, Головкин оны аямасы анық. Менің болжамым бойынша, кездесу соңына дейін (12 раунд бойына) жалғасып, қорытындысында Гил оны ұпай санымен жеңеді».

Одан бөлек, Солиман қазақстандық Геннадий Головкинге қарсы кездесуге шыққысы келетінін де айтып қалды: «Егер мен онымен жолығып жатсам, өз жеңісіме сенімді болар едім. Бокста көп нәрсені стиль шешетінін ескерсек, менің стилім жеңіске жетуге әбден лайық. Жақында менің менеджерім Леффлермен (Головкиннің менеджері,-автор) байланысты. Ерте ме, кеш пе мен онымен кездесетініме сенімдімін».

Айта кетейік, Сэм Солиман 31 мамыр күні неміс боксшысы Феликс Штурммен IBF чемпиондық белбеуі үшін болған тартысты кездесуде жеңіске жеткен болатын. Оған дейін қос боксшы 2013 жылдың басында кездесіп, сол кездегі жекпе-жекте де Солиман жеңімпаз болып танылған еді. Алайда сол күні кездесуден кейін оның қанынан тиым салынған дәрінің қалдықтары табылып, нәтижесінде ол тоғыз айға бокстан шеттетілді.  

Ал WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, отандасымыз Геннадий Головкин қазіргі кезде 26 шілдеде Дэниэл Гилге қарсы чемпиондық атақтарын қорғап қалу үшін өтетін кездесуге қызу дайындық үстінде.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: couriermail.com.au

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама