Саппородағы Қысқы Азия ойындарына елімізден 116 спортшы қатысады

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ olympic.kz, tengrinews.kz

ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен өткен отырысқа ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, ҚР ҰОК қысқы спорт түрлері бойынша вице-президенті Асқар Мамин, ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, қысқы спорт түрлерінен ұлттық федерациялардың басшылары қатысты.

Қазақстандық спортшылары тәуелсіздік алғаннан кейін қатысқан Олимпиада ойындарында бір алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алған. Қазіргі таңда 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстары өтіп жатыр. Олимпиадалық лицензияларға күрес енді ғана басталуда. 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасына қазақстандықтар 8 спорт түрі бойынша 37 лицензияны иеленсе, Сочи қаласындағы қысқы Олимпиада Ойындарына 10 спорт түрі бойынша 52 лицензияға қол жеткізген болатын. 2018 жылы Оңтүстік Кореядағы Олимпиадада біздің спортшылар лицензия мен жүлделер саны бойынша көрсеткіштерді жақсартуды көздеп отыр.

Сондай-ақ 2017 жылы Саппорода өтетін Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды. Жапонияда ел намысын 116 спортшы қорғайды. Олардың ішінде Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева (мәнерлеп сырғанау), Роман Креч (конькимен жүгіру спорты), Дмитрий Рейхерд (фристайл) сынды атлеттер, шайбалы хоккейден ерлер және әйелдер командалары бар. VIII қысқы Азия Ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның туын шаңғышы Ердос Ахмадиев ұстап шығады.

ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың айтуынша, көптеген спорт түрлері бойынша қазақстандық спортшылардың жеңіске жету әлеуеті бар. Ең бастысы - сол әлеуетті іске асыру. Спортшылардың міндеті - лицензияға қол жеткізіп, Олимпиадаға тыңғылықты дайындалу. Әр спорт түрі бойынша кешенді бағдарлама бекітіліп, дайындық жоспарлары әзірлеген. Аталған бағдарламалардың жүзеге асуы бақылауға алынған. Спортшыларды медициналық-биологиялық қамтамасыз ету мәселесі де өз шешімін тапты. Сонымен қатар, антидопинг туралы түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама