Санчес: "Чавесті жеңу үшін Головкинге біраз тер төгу қажет"

Болат Қосмағамбет Корреспондент

Шыны керек, екі команда арасындағы келіссөздер біраз уақытқа созылып кеткені белгілі. Тіпті кейбір БАҚ аталған кездесудің болмай қалу ықтималдығы жоғары екенін де жазып үлгерді. Соған қарамастан, бапкердің жақын күндері қос тараптың ортақ шешімге келетініне сенімі мол. Алдын-ала болжам бойынша, Головкин-Чавес кездесуі 19 шілде күні АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы (Калифорния штаты) «Форум» атты жабық кешенде өтпек.

Сонымен Санчестің сөзінше, Головкинге шаршы алаңда Чавестің басымдықты өз қолына алуына және өзіне тым жақындауына еш жол бермеу керек. Сондай-ақ, Гена Чавестің қателескенін күтіп, бірден қарсы шабуылға шығуы тиіс. Осы кезде ғана Головкин қарсыласын айқын басымдықпен ұту мүмкіндігіне ие болмақ.

Одан бөлек, ол мексикалықтың ауыр соққыларға төтеп бере алатын қабілетін де баса айта кетті. Бапкердің сөзінше, Головкинге (29-0,26 КО) кәсіпқой мансабы жолындағы жарқын жеңістеріне қарамастан, Чавесті таза жеңуі үшін немесе оның бапкерін кездесуді тоқтатуға мәжбүр ету үшін біраз тер төгу қажет. Осыған дейінгі мәлімдемелерінің бірінде Санчес қазақстандық боксшы Чавестің бүйіріне ауыр соққы дарытып нокаутпен жеңе алатынын айтқан болатын.

Егер командалар ортақ шешімге келіп, кездесу орын алатын болып шешілсе, қос боксшы екінші орта (немесе суперорта) салмақта жұдырықтаспақ. Головкиннің чемпиондық екі белбеуі де орта салмақ дәрежесіне тиесілі екенін ескерсек, бұл жекпе-жекте қазақстандықтың атақтары сарапқа салынбайды.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: vesti.kz

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама