Алматы облысы, Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінде джиу-джитсудан үлкен турнир өтті. Жыл сайын қоңыр күзде ұйымдастырылатын додаға биыл Қырғызстанның Ош облысынан және Бішкек қаласынан да спортшылар келіп бақтарын сынады. Бұдан бөлек International Sagadat batyr jiu-jitsu kids cup-2018 турниріне еліміздің әр облысынан және Алматы, Талдықорған қаласынан да командалар қатысты. Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтің есімімен аталатын Sagadat batyr клубының басшысы, білікті бапкер Нұрсұлтан Орынбасаров бас болып өткізген турнирге 5-17 жас аралығындағы 300-ден аса спортшы қатысып, шеберліктерін паш етті. Алматы облысы, Іле аудандық әкімдігі һәм Нұр Отан партиясының Іле аудандық филиалының мұрындық болып, қолдауымен өткізілген додада джиу-джитсу спортының ерен үлгісін көрсетіп, талантымен дараланған Qazaqstan Top Team клубының спортшылары жалпыкомандалық есепте топ жарды. Екінші орын KDS клубына бұйырса, үздік үштікке Roller клубының өрендері орнықты. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Іле аудандық мәслихатының хатшысы Роза Әбілова және Алматы облыстық мәслихатының депутаты, Іле аудандық кәсіпкерлер ассоциациясының төрайымы Жанна Телпекбаева, Нұр Отан партиясы Іле аудандық филалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Тұрымбетов құттықтау сөздерін айтып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Нұр Отан партиясының Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Сапарұлы ауданымызда спорт түрлерінің қарқынды дамуына әрқашан да қолдау көрсетіп, демеп жүреді. Біздің Sagadat batyr спорт клубындағы спортшылардың алаңсыз әзірленуі үшін арнайы орын тауып беріп, үнемі қолдап жүреді. Осы халықаралық турнирдің жоғары деңгейде өтуіне Ерболат Сапарұлының көп көмегі тиді, дейді Нұрсұлтан Орынбасаров. International Sagadat batyr jiu-jitsu kids cup-2018 турниріне джиу-джитсудан әлем чемпионы Жібек Құлымбетова ер балалар арасында күш сынасты. Сынасып қана қойған жоқ, 32 кг салмақ дәрежесінде халықаралық турнирдің чемпионы атанды. Нұрсұлтан Орынбасаров осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық турнирдің жыл сайын көкжиегі кеңейіп, қатысушылардың саны артып келе жатқанын мақтанышпен айтты. - Қазақтың батыр ұлы, Тәуелсіз Қазақстанның әскерін құрып, қолбасшылық еткен армия генералы, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов атамыздың айбыны мен батырлығын өскелең ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатында жүзеге асқан шараға қатысқан барлық спортшылар мен бапкерлерге алғыс айтамын, - деді Нұрсұлтан Орынбасаров.