Садриддин Ахмедов Тайландтағы турнирде топ жарды
Тайланд төріндегі додаға 7 қазақ боксшысы аттанған болатын. Жарысқа ұлттық құрама жаттықтырушылары жас боксшыларды алып барған. Ал негізгі құрам сәуір айының соңында Ташкентте басталатын Азия чемпионатына дайындығын пысықтауда.
52 келіге дейінгі салмақта Азат Махметов пен 75 келіге дейінгі салмақта Ерік Әлжанов қола жүлдегер атанды. Ал 69 келіде Садриддин Ахмедов финалда жекпе-жексіз жүлде алды. Қазақ боксшысына қарсылас атанған өзбек боксшысы Шахрам Гиясов шешуші жекпе-жекке шыққан жоқ. Өзбек жаттықтырушылары Шахрамнан бөлек финалға 49 келіге дейінгі салмақта Хасанбой Дусматовты да шығарған жоқ. Сәуір айының соңында өтетін Азия чемпионатына дейін жарақат алып қала ма деп күдіктенсе керек.
Садриддинмен жұдырықтасуы тиіс болған Шахрам Гиясов – Өзбекстан құрамасы сапындағы тәжірибелі боксшылардың бірі. Естеріңізде болса, өзбек боксшысы Рио Олимпиадасының финалында Данияр Елеусіновтен жеңілген болатын. Ал ақпан айында Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) аясында Шахрамды Талдықорғанда Асланбек Шымбергенов ұтқан еді.