Сабина Алтынбекованың жарнамалық құқығын жапон холдингі сатып алды
Сұлулығымен дүйім жұртты таңдандырған қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова спорттық мансабын Жапонияда жалғастыруда. Бүгін белгілі болғандай, күншығыс елінің «Dentsu Inc.» холдингі қазақстандық спортшының жарнамалық құқығын иеленді. Енді жапондық компания қазақ спортшысының жарнамаға түсуіне әрі келісімге келуіне белсенді араласатын болады.
Сабина мен жапон холдингі арасындағы біржылдық келісім 2015 жылдың 1 қарашасынан өз күшіне енеді. Аталған келісім Қазақстаннан тыс аймақтарда ғана жарамды болып есептеледі.
Бір қызығы «Dentsu Inc.» холдингі өз елінен өзге елдердің спортшыларымен келісімшартқа отырмаған екен. Қазақстандық спортшы холдингтің алғашқы шетелдік әріптесі атанып отыр.