Рустам Сыбай кәсіпқой бокстағы мансабын жеңіспен бастады
Бірінші раундта Василий белсенді жұдырықтасып, дөп тиген соққыларымен көзге түскен еді. Екінші раундтан бастап Рустам қарсыласынан қарымды, тәжірибелі екенін байқата білді. Бірнеше рет сериялы соққылары арқылы қарсыласын кері шегіндіріп те алды. Нәтижесінде төрт раунд қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшыны жеңімпаз ретінде таныды.
Рустам Сыбай әуесқой бокста 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасты. Қазақстан чемпионатының екі дүркін жеңімпазы. 2013 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.
Екатеринбургтегі "Extra Round 4" бокс кешіне Рустамнан өзге де қазақстандық боксшылар қатысуда. Кештегі бірінші жекпе-жекте Әбілхайыр Шеғалиев Игорь Ерховты бірінші раундта нокаутпен жеңді. Ал павлодарлық Айбек Қожахметов ресейлік Самвел Гандилянға техникалық нокаутпен есе жіберді.
Екатеринбургте Дәулет Дәукенов кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегін өткізіп, Михаил Лесниковты айқын жеңді. Төрешілер ұпайы бірауыздан Дәулетке берілді. Отандасымыз осыған дейінгі екі кездесуінде де жеңіске жеткен.