Роналду – «Алтын доп» иегері!
2014 жылдың ең үздік футболшысына берілетін «Алтын допты» Португалия ұлттық құрамасы мен мадридтік «Реал» ойыншысы Криштиану Роналду иеленді. Екінші жыл қатарынан бұл марапатқа ие болып отырған ойыншы Мануэль Нойер мен Лионель Мессиден артық дауыс жинаған. Дауыс беру рәсіміне 181 елдің бапкері, 182 елдің құрама капитандары, 181 елдің бір-бір спорт тілшілері қатысқан. Роналду спорттық мансабында «Алтын допты» үшінші рет жеңіп алды. Ол 2008 жылы да бұл жетістікті бағындырған еді.
Әйелдер арасында жылдың үздік футболшысы болып Германия ұлттық құрамасы мен «Вольфсбург» командасының жартылай қорғаушысы Надин Кесслер танылды. Ол 2014 жылы командасымен ішкі чемпионатты және Чемпиондар лигасын ұтып алған болатын.
Германия ұлттық құрамасының бас тізгінін ұстап жүрген Йоахим Лев жылдың үздік бапкері атанды. Ол 2014 жылы командасымен Бразилиядағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған-ды. Сонымен қатар, бұл атақтан Чемпиондар лигасының финалына шыққан мадридтік клубтардың бапкерлері Карло Анчелотти мен Диего Симоене де үміткер еді.
Әйелдер арасындағы футболда үздік бапкер атағы неміс маманы Ральф Келлерманға бұйырды. «Вольфсбург» командасын жаттықтыратын бапкер өткен маусымда командасымен бундеслига және Чемпиондар лигасында топ жарған болатын.
2014 жылдың ең үздік голы Колумбия ұлттық құрамасы мен мадридтік «Реал» шабуылшысы Хамес Родригеске тиесілі болды. Оның Бразилиядағы «мундиальда» Уругвай қақпасына соққан голы теңдессіз үздік саналды. Бұл голы – сол әлем чемпионатында да үздік деп танылған еді.
2014 жылдың символикалық құрамы да анықталды. Бұл қатарға «Алтын доптан» үміткер болған үш ойыншы да енді.
Қақпашы: Мануэль Нойер (Германия, "Бавария");
Қорғаушылар: Давид Луис (Бразилия, "Пари Сен-Жермен"), Филипп Лам (Германия, "Бавария"), Серхио Рамос (Испания, "Реал"), Тиаго Силва (Бразилия, "Пари Сен-Жермен");
Жартылай қорғаушылар: Анхель Ди Мария (Аргентина, "Манчестер Юнайтед"), Андрес Иньеста (Испания, "Барселона"), Тони Кроос (Германия, "Реал");
Шабуылшылар: Криштиану Роналду (Португалия, "Реал"), Лионель Месси (Аргентина, "Барселона"), Арьен Роббен (Нидерланды, "Бавария").
Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының президенттік сыйлығы жапон тілшісі Хироси Кагаваға бұйырды. 90 жасқа келген спорт тілшісі жасы егде маман ретінде сый-құрметке ие болды. Сонымен қатар, ФИФА аясындағы жарыстарда ерікті маман болған барша қызметкерлерге алғыс айтылды.
Сурет: fifa.com