Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері "Алматы турына" қатысады
Дат велошабандозы "Астана" сапында 2013 жылдан бері жарыстарға қатысып келеді. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Жекелей жарыста екі рет Дания чемпионатында үздік шыққан. Осы маусымда Франциядағы "Кретериум Дофин – 2017" көпкүндік велобәйгеде екі кезеңде жеңіске жетті. Жарыс қорытындысы бойынша үздік шықты.
Алдағы жарыс күнтізбелеріне қарамастан, Якоб Фульсанг Алматыдағы ірі халықаралық веложарыста бақ сынайтын болды. Спортшы "Алматы турына" алғаш рет қатыспақ.
Айта кетейік, "Алматы туры" велододасы 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл бес жыл болуына орай, екі күнге созылады. Бірінші кезеңі 30 қыркүйек күні "Астана" алаңынан басталып, "Алматы Аренада" аяқталады. Екінші кезең, яғни қорытынды кезеңде велодода "Халық Арена" кешенінен басталып, Медеуде мәресіне жетеді.