Рим 2024 жылғы Олимпиаданы өткізу туралы өтінішін кері қайтарды
Рим мэрі Вирджиния Раджи де осыған дейін Олимпиада ойындарын өткізуді қолдамайтынын айтқан болатын. Оған кеткен қаржыны қоқыс тазалау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмсаған әлдеқайда тиімді екенін жеткізген еді.
ХОК 2024 жылғы Олимпиаданы өткізу өтініштерін қабылдауды өткен жылдың күзінде аяқтаған болатын. Өтініштерді қабылдау кезеңі бойынша 5 қала тіркеуден өткен. Олар: Париж (Франция), Рим (Италия), Будапешт (Венгрия), Лос-Анджелес (АҚШ) және Гамбург (Германия). Кейіннен бұл қатардан Гамбург қаласы өз өтініштерін кері қайтарды.
Лос-Анджелес пен Париж осыған дейін Олимпиада ойындарын екі реттен өткізген. Франция астанасы жазғы доданы 1900 және 1924 жылдары өткізсе, АҚШ қаласы 1932 және 1984 жылдары қабылдаған. Будапешт өз тарихында Олимпиада ойындарын өткізбеген.
Спорт сарапшылары 2024 жылғы жазғы Олимпиаданы өткізуге үміткер қалалардың ішінде Парижге басымдық беруде. Оған себеп те жоқ емес. Қалада спорт нысандары жеткілікті деңгейде. Қонақүйлер мен қоғамдық көлік қатынасы жолға қойылған. Сондай-ақ, 2024 жылы Париждің Олимпиада ойындарын соңғы рет өткізгеніне 100 жыл толады. Бұл да қаланың жеңіске жетуіне бір септігін тигізуі мүмкін. Ал Лос-Анджелес түрлі себептерге (саяси, допинг, т.б.) байланысты басты фаворит саналмай отыр.
Айта кетейік, ХОК 2024 жылғы Олимпиада өткізетін қаланы келер жылдың қыркүйек айында анықтайтын болады.