Регби-7 ойынын қазақтың ұлттық ойыны көкпарға балама десе де болады. Бұл жаяу көкпар. Нағыз білек күшінің, желаяқтың және тез шешім қабылдауды қажет ететін мінездің ойыны. Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш кентінде орналасқан, құтқару қызметінің міндеттерін атқаратын 28237 әскери бөлімінің атшаптырым стадионында екі күн бойы регби-7 ойынынан Ұлттық ұланның біріншілігі өтті. Аталған спорттық іс-шараны ұйымдастыруда регбиді ұжымдық спорт түрі ретінде дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау, спортшылардың кәсіптік шеберліктерін және төрешілердің квалификациясын жоғарылату мақсаттары көзделген. Біріншілікке төрт өңірлік қолбасшылықтың, Ұлттық ұлан әскери институтының және Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінің құрама командалары, барлығы 55 ойыншы қатысты. Олар өз өңірлеріндегі ойындардан іріктеліп, кілең мықтылардан жинақталған ойыншылар. Сол себепті де сайыс өте тартысты өтті. Сайыстың бас төрешісі Ұлттық ұланның дене дайындығы және спорт басқармасының бастығы полковник Жамболат Ахметов бұл сайыстың Ұлттық ұланның XVI спартакиадасы аясында өтіп жатқандығын, регби ойынының деңгейі әскерімізде едәуір көтеріліп қалғандығын, бұдан кейін Ұлттық ұланның құрама командасын жасақтап, республика көлемінде өтетін басқа да сайыстарға қатыстыруды жоспарлап отырғандықтарын айтып өтті. Регбиден Қазақстан федерациясының президенті Уанбаев Мұрат Жұмабекұлын сөзге тартқанымызда: Регби нағыз ерлерге арналған ойын. Бұл ұжымдық ұрыстың спорты. Қолданбалы спорттың түріне жататын регбиді меңгеру күнделікті қызметтік-жауынгерлік жұмысты атқаруға көп септігін тигізеді, - деп атап өтті. Сайыстың нәтижесі бойынша 1-орынды Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының құрама командасы, 2-орынды Шығыс өңірлік қолбасшылығының құрама командасы, 3-орынды Ұлттық ұлан әскери институтының құрама командасы иеленді. Жүзден жүйрік шыққан Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы құрама командасының капитаны 28237 әскери бөлімінің сүңгуір маманы сержант Дулат Шалимбетов: Жеңіс бізге оңай келген жоқ. Қарсыластардың дайындығы мықты болды. Олар өз өңірлерінен іріктеліп келген кілең мықтылар ғой. Бұл біздің өте табандылықпен дайындалған еңбегіміздің нәтижесі дер едім, - деп қуанышымен бөлісті. Ал біз спортшыларға жаңа белестерде жаңа табыстарға жетулерін тілеп, шығарып салдық! Майор Данара БаймағанбетоваАлматы облысы, Ұзынағаш кенті